«Бәрі дұрыс жоспарланбағаннан шығады»: Нығматулин Қаржы министріне сын айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Бәрі дұрыс жоспарланбағаннан шығады»: Нығматулин Қаржы министріне сын айтты

23.12.2020
«Бәрі дұрыс жоспарланбағаннан шығады»: Нығматулин Қаржы министріне сын айтты

Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралып, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады.

Министрге сұрақ қою кезінде Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин заң жобасына тузету енгізу және жоспарлау мәселелеріне қатысты сын айтты.

«Cіз мұнда мемлекеттік сатып алулар жөнінде заң жобасын енгіздіңіз. Сіздердің алдарыңызға Мемлекет басшысы осы заңнаманы жетілдіріп, жемқорлық тәуекелдерін азайту туралы мақсат қойды. Ал Қаржы министрі не істеді? Бұл мәселелерді шешу жағы қаралмаған құжат әкеліп тұр. Депутаттар оған бәрін жазып берді. Енді келіп трибунада дәл осы нормаларды оқып отыр. Бұл қандай тәсіл? Депутаттар дұрыс айтады - сапасыз жоспарланған», - деді Нығматулин.

Мәжіліс төрағасы Экономика және Қаржы министрлеріне ойлануға кеңес берді.

«Бюджет мәселесі бойынша баяғы сол ескертулер жасалады. Мұның барлығы дұрыс жоспарланбағаннан шығады. Мен тек сізді айтып тұрған жоқпын, министрлікті, сіздің шенеуніктерді айтамын. Жалпы, дұрыс жоспарламау - өзгеден гөрі өзінің қамын ойлаудың алғашқы қадамы. Шенеуніктерге мемлекеттік сатып алуларды өтпеді деп танып, содан кейін бір көзден келісім жасасу оңай. Осылайша бүкіл команданы да өз дегеніңізге сүйрейсіздер», - деген Нығматулин бұл мәселеге жол бермеу керектігін айтты.
Мәжіліс заң

Хабарламаларға жазылу