Қазақстан үш буынды қылмыстық модельге біртіндеп көшуді жоспарлап отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан үш буынды қылмыстық модельге біртіндеп көшуді жоспарлап отыр

22.12.2020

Бұдан былай қылмыстық процестерде азаматтардың құқығы ерекше қорғалатын болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы заңға қол қойды. Осы арқылы Қазақстан үш буынды қылмыстық модельге біртіндеп көшуді жоспарлап отыр. 31 желтоқсаннан бастап күшіне енетін бұл заңға сай азаматтардың құқығын шектейтін барлық процессуалды шешімдер прокурор бекіткеннен кейін ғана күшіне енбек. 

Ел азаматтарының құқығын қорғайтын үш буынды жоба дамыған елдердің тәжірибесінде бұрыннан бар. Яғни, полиция қызметкерлері қылмыстың ақ-қарасын анықтап, прокуратураға жібереді. Прокурор қылмыстық істі толық тексеріп шықаннан кейін ғана сотқа жолдайтын болады.

Марат Ахметжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары:  
-Біздің Президентіміз биылғы Жолдауында азаматтарымыздың құқығын қорғауға бар күш-жігерімізді салуымыз керек деп айтты. Сондықтан азаматтарды қылмыстық процесте құқығын қорғау үшін осы заң қабылданып отыр. Бұл өте маңызды заң.   

Құқық қорғау және сот жүйесіне енгізілген реформалардың ең өзекті тетіктері бүгін халықаралық онлайн дөңгелек үстелде де талқыланды.

Игорь Рогов, Н.Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары:  
-Біздің тәжірибемізге шетелдік әріптестеріміз қызығушылық танытып отыр. Соңғы ірі реформа 2014 жылы жасалды. Жаңа буынның қылмыстық және қылмыстық процессуалдық кодексі қабылданды. Бұл кодекстер Қазақстанды еуропалық модельге жақындатып келе жатыр .

Шарада отандық мамандар, министрлермен қатар шетелдік сарапшылар да өз ойларын ортаға салды. Айтуларынша, әлемнің озық елдерінде табысты іске асқан мұндай жүйеге көшу - өте маңызды қадам.

Йорг Пуделька, Берлин қалалық әкімшілік сотының судьясы: 
-Келер жылы Қазақстанның да жаңа жүйеге көшетіні қуантады. Азаматтар адвокаттың көмегіне жүгінбей-ақ өз құқықтарын толық түсініп, қорғай алады. Қолданысқа енетін жаңа заң судьяның бейтарап, екі жақтың да құқығын тең қорғай отырып жұмыс істеуіне әсер етеді. 
Олег Зайцев, заң ғылымдарының докторы: 
-Қазақстанның құқық қорғау мен сот жүйесіне кешенді өзгерту енгізу жоспарын қолдаймын. Біз бұған әлі келе алмай жатырмыз. Әсіресе, мені ерекше қызықтырғаны қылмыстық іске тартылған әр азамат істің қалай жүріп жатқанын басынан аяғына дейін бақылай алады. Бұл аса маңызды.   

Сондай-ақ, келер жылы тағы да бір құқықтық заңды қабылдау жоспарланып отыр. Егер заң жобасы мақұлданса 2022 жылдан бастап азаматтардың құқығын шектейтін шешімдерді прокурорлардың өздері қабылдайтын болады.  

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу