Әлемді коронавирустың жаңа штаммы алаңдатып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемді коронавирустың жаңа штаммы алаңдатып отыр

22.12.2020

Ұлыбританияда пайда болған коронавирустың жаңа варианты әлемді айтарлықтай алаңдатып отыр. Бүгінге дейін 40-тан астам ел Біріккен Корольдікпен арадағы әуе сапарлары мен құрлықтағы көліктік қатынастарды тоқтатты. Осылайша, Британия қазір өзге дүниеден оқшауланып жатыр. Онымен арадағы сапарларды Еуропа ғана емес, Үндістан мен Ираннан бастап, Канадаға дейінгі талай мемлекет доғарды. Сауд Арабиясы, Оман, Кувейт болса, шетелдік жолаушылар үшін шекарасын мүлде жапқан. Өйткені,жаңа штамм өзге елдерге де тарады деген болжам бар. 

Айта кетсек, вирустың жаңа түрі Оңтүстік Африкадан да табылды. Алайда, оның Британиядағы штаммен байланысы жоқ. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, Ұлыбританияда анықталған вариант тез жұққанымен, соншалықты қауіпті емес. 

Тедрос Адханом Гебрейесус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры:
Вирустар мутацияланады. Бұл - табиғи және күткен жайт. Біріккен Корольдік жаңа варианттың тез жұғатынын хабарлады. Алайда, бұл инфекцияның соншалықты ауыр екеніне немесе көп адамды өлтіретініне дәлел жоқ. 

Ал АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы коронавирустан зардап шеккен азаматтар мен экономиканы қолдауға 892 миллиард доллар бөлу туралы құжатты мақұлдады. Жобаға Сенат бүгін дауыс беруі керек. Егер президент Дональд Трамп қол қойса, бұл заң бойынша пандемия кезінде жұмыстан айрылған миллиондаған америкалыққа қаржылай көмек беріледі.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу