Мемлекеттік қызметкерлерге шетелдегі шоттарын жабуға 6 ай беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік қызметкерлерге шетелдегі шоттарын жабуға 6 ай беріледі

22.12.2020

Енді жемқорлықтың ауыр және аса ауыр түрі бойынша сотталғандар шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмайды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов айтты. Оның сөзінше, соңғы екі жылда 110 жемқор осы жеңілдікті пайдаланған. Бірақ жемқорлық фактісі азаймай тұр. 2018 жылдан бері 1300-дей адам сотталған. Осыған байланысты, жаза күшейіп, ірі көлемде пара беру ауыр қылмыс санатына ауыстырылды. Жемқорлық жасаған құқық қорғау органы қызметкерлері мен судьялардың жазасын өтеу тәртібі өзгерді.

Олжас Бектенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары:
Енді парақорлықтың ауыр құрамы үшін сотталғандар жазасын өтеу үшін қауіпсіздігі орташа мекемелерге, ал аса ірі мөлшерде пара алған немесе берген адамдар максималды қауіпсіздіктегі мекемелерге жіберілетін болады. Осылайша, мұндай санаттағы адамдар үшін жазаны жеңіл өтеуге құқықтық тосқауыл қойылды.

Ал шетелдік банктерде шоты бар мемлекеттік қызметшілердің оны жабуына 6 уақыт ай беріледі. Егер мемлекеттік қызметші шотын жапқысы келмесе, өз еркімен жұмыстан шығуына болады. Бірақ, олардың әйелдері мен балаларының шоттарына тиым салынбайды.

Амангелді Сейітхан


жемқорлық қылмыс

Хабарламаларға жазылу