Отандық вакцинаны жаппай егу 2021 жылдың наурызында басталады

20.12.2020

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдағанын жазды, Ақорда сайты.    

Үкімет басшысы республикадағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуал бақылауда деп, жаңадан індетке шалдыққандардың саны күнделікті 0,4 пайызға өсіп отырғанын, еліміз бойынша коронавирустың өршу деңгейінің көрсеткіші 0,9 пайызды құрайтынын айтқан. Жұқпалы аурулар ауруханаларының 28 пайызында, жансақтау бөлімдерінің 20 пайызында адамдар емделіп жатыр, деген.

Сонымен бірге QazCovid-in деп аталатын вакцинаны үш мың еріктіге салу басталғаны хабарланды. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты QazCovid-in вакцинасын клиникалық сынаудың 1-2 фазаларын жүргізген, сынақ, вакцина тиімділігі 96 пайыз деп көрсеткен.

Отандық вакцинаны жаппай егу 2021 жылдың наурызында басталады, алдымен медицина қызметкерлеріне, педагогтерге және созылмалы аурулармен ауыратын адамдарға жасалады, деген осының алдында Премьер-Министр А.Мамин.

2021 жылы наурыз айында Жамбыл облысы Қордай ауданында жылына қуаты 60 миллион мөлшерде вакцина шығаруға жететін био-фармацевтикалық зауыт пайдалануға беріледі. Сонымен бірге Премьер-Министр Қарағанды қаласында ресейлік «Спутник V» вакцинасын шығару өндірісін іске қосуға дайындық жұмыстары жүріп жатқанын хабарлаған.

Жайна Сламбек


Отандық вакцина Асқар Мамин QazCovid

Хабарламаларға жазылу