Өйткені, өңірдің табиғи-климаттық және географиялық жағдайы саяхатшыларға жыл он екі ай демалуға мүмкіндік береді. Қазір аймақтағы демалыс орындары қыс кезінде 50 мың адамға дейін қабылдай алады.
Тұмса табиғатымен талайды тамсандырған өр Алтайдың бөктерінде шаңғы тебуге арналған 10-ға жуық орын бар. Ал демалушыларға қыста да қызмет көрсететін базалардың жалпы саны 50-ден астам. Олар бір мезетте 3 мың адамды қабылдай алады.
Марат Қабақов, облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы:-Ең жақсы бізде дамыған тау шаңғысы болып саналады. 30-ға жуық тау шаңғымен түсу жолдары бар. Тағы бір атап өтетін ерекшелігіміз, Шығыс Қазақстанда 6 айға дейін қар жатады. Мысалы, Риддерде тау басындағы қар маусым айына дейін жатады.
Бүгінде облыстағы демалыс орындары санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, меймандарға қызмет көрсетіп жатыр. Бұрын Шығыс өңіріне шаңғы тебу үшін шетелдіктер де жиі аялдайтын. Биыл сырттан келген саяхатшылар аз болғанымен, туристік базаларда адам көп.
Ирина Клиновицкая, туристік компания директоры:-Осы қыста ішкі туризмнің бұрынғыдан да жақсырақ дамиды деп ойлаймыз. Бұл үшін Шығыс өңірінде барлық жағдай жасалған. Қыс ұзақ, қар қалың. Сондықтан демалушыларды қыста да қабылдайтын орындар қызмет сапасын жақсартып, жаңа жағдайда жұмыс істеуге бейімделіп жатыр.
Шығыстағы бірқатар демалыс орны еліміздегі ең үздік 50 туристік нысан тізіміне еңген. Туризм мен саяхаттың көкжиегін одан ары кеңейту мәселесі облыс басшылығының жіті бақылауында. Мәселен, бүгінде облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен өңірдегі ірі демалыс орындары мен Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығына электр желілері тартылып жатыр.
Берік Көшербай