Алматыда қатерлі ісікке қарсы күрестің тың тәсілдері талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда қатерлі ісікке қарсы күрестің тың тәсілдері талқыланды

10.12.2020

Қазақстанда обырды жеңудің озық технологиясы да, білікті мамандары да жеткілікті. Бүгінде онкологиялық ауруларды емдеу толығымен мемлекет есебінен жүргізіледі. Мұндай көмек кез келген елде көрсетілмейді. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ашылғанына 60 жыл толуына орай ұйымдастырылған халықаралық конференцияға қатысушылар осылай деді.  

Баян Құдабай қатерлі дертке шалдыққанын осыдан 1 ай бұрын ғана білген. Алғашында диагнозды естіп шошығанымен, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мамандары операция жасау арқылы құлан-таза айығып кететінін айтқан.  

Баян Құдабай, Алматы облысының тұрғыны, көпбалалы ана: 
- Білгенде қобалжыдық, жыладық. Бірақ оған не шара? Бұл ауру жасқа да, кәріге де қарамайды екен. Менің ауруым жеңіл түрде өтті. Өйткені, мен алдын ала келіп қойдым.  

Дәрігерлер Баян сияқты дертке шалдыққандардың жыл сайын көбейіп жатқанына алаңдаулы.  

Мәселен, 2018 жылы 181 мың науқас тіркелсе, былтыр 3 пайызға артып, 185 мыңнан астам адамнан обыр анықталған. Жыл сайын онкологиялық сырқатпен 35 мың пациент есепке алынады. Өкінішке орай, дерттен 15 мың адам ажал құшады. Қатерлі ісікке шалдыққандар, әсіресе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облысы мен Алматы қаласында көп тіркеліп отыр.

Сайын Садықов, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор:   
-Ол уақытта біз көне Луч-1 деген аппаратпен сәулелендіріп жүрдік. Оны қолмен апарып тасып жүрдік. Қазір керемет. Ісіктің қандай тереңдікте жатқанын, қандай көлемде жатқанын есептеп шығаруға болады.  

Елімізде қатерлі ісікті анықтау мен емдеу тегін. Жыл сайын дертке шалдыққандардың ем-домына 36 млрд теңге бөлінеді. Оның 4 миллиард теңгесі - тұрғындарды тегін скринингтерден өткізуге жұмсалады.  

Райымқұл Қарақұлов, медицина ғылымдарының докторы, профессор: 
-Қазіргі онкологияның негізгі бағыты - аурулардың 5 жылдық өмірін ұзарту. Қалай жетуге болады? 1-2 сатысын көбейтіп, 3-4 сатысын азайту керек. Сол кезде толық емделуге мүмкіндік бар.  

Бүгінде 60 жылдық тарихы бар институт қатерлі ісікті ерте анықтау, оңалту, психологиялық көмек берумен айналысады. Бұл ел бойынша мыңдаған науқастың дертіне айығып, өмір сүруіне сеп.  

Жазира Оразқызы 


Хабарламаларға жазылу