Коронавирусқа қарсы дәрі бағасына белгіленген үстеме екі есе төмендеді

09.12.2020

Ковидке қарсы дәрі-дәрмектің бағасы екі есе арзандайды. Яғни, дәріханалар бұрын дәріні 55 пайызға дейін қымбаттата алатын. Енді ол үстеме 27 пайыздан аспауы тиіс. Халықты дәрімен қамту туралы Президент тапсырмасынан соң министрлік осындай шешім қабылдаған.  

Жазда жағдай ушыққанда дәріханаларда дәрі тапшы болды. Ал, кейін барының бағасы аспандап кетті. Тіпті, парацетамол мен аспериннің өзі қымбаттады. Бақылаусыз кеткен бағаны реттеуді Президенттің өзі қадағалауды тапсырған.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
-Менің тапсырмам бойынша ПТР сынамалары мен медициналық бетперделердің бағасы төмендетілді. Мұндай оң бастаманы халық бірден сезінді. Осындай жұмыстарды медициналық дәрі-дәрмектерге, ең алдымен, коронавирусқа қарсы медикаменттерге қатысты жүргізу қажет. Дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың бағасын реттеп, фармацевтикалық бизнестегі картельдерді әшкерелеу керек. 

Осы тапсырмадан соң Денсаулық сақтау министрлігі бағаны реттеу ережесіне өзгертті. Мәселен, мемлекеттік реестрде 7 жарым мыңнан астам дәрінің 6 мыңнан астамына шекті баға бекітілген. Ал, ковидке қарсы дәрілерге дәріханалар қосуға болатын үстеме екі есе азайтылды. 

Амангелді Сейітхан, тілші: 
-Бұл еліміздегі дәрі-дәрмек сақтайтын ең үлкен қоймалардың бірі. Мұндағы ковидке қарсы дәрілерге қазір мынандай сары қағаздар жабыстырылған. Мамандардың айтуынша аса қажетті қырықтан астам дәрінің қазіргі уақытта екі айлық қоры бар. 

Дәрі тапшылығын болдырмау үшін енгізілген тағы бір өзгеріс -жағдай қиындаса «СК-Фармация» жеке меншік дәріханаларға да дәрі жеткізеді. Ал, ондағы бағаны арнайы мониторингтік топтар бақылайды. Айта кетейік, жаздан бері 1600 дәріханаға рейд жүргізіліп, 240 миллион теңгеге айыппұл салынған.  

Амангелді Сейітхан


Коронавирус дәрі баға дәріхана

Хабарламаларға жазылу