СҚО-да карантиндік талаптар жеңілдейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да карантиндік талаптар жеңілдейді

08.12.2020

«Қызыл аймаққа» кіретін Солтүстік Қазақстан облысында желтоқсан айының ортасына қарай демалыс және мереке күндеріндегі локдаун алынып тасталады. Бұл туралы өңір басшысы Құмар Ақсақалов онлайн брифинг барысында мәлімдеді. Оның сөзінше, аймақта қатаң шектеу шаралары бір айдан бері қолданылып келеді. Шекара бекеттерінде карантиндік стационарлар ашылған. ПТР-тест болмаған жағдайда, аймаққа кіруге тыйым салынған. Пойыздардың саны қысқарып, өңірдегі автобус маршруттары тоқтатылды. Әкім вирус жұқтырғандар мен ауруханаға түсетін науқастар саны күн сайын азайып келе жатқанын атап өтті. Індетке шалдыққандардың 94 проценті дерттен сауығып шыққан.   

Құмар Ақсақалов, СҚО әкімі: 
-Денсаулық сақтау жүйесіне де айтарлықтай салмақ түсіп отырған жоқ. Стационарларда төсек-орын қорының тек 32%-і ғана толған. Жағдайы ауыр және жасанды тыныс алдыру аппаратына мұқтаж пациенттер саны да өсіп жатқан жоқ. Сол себепті қазіргі эпидемиологиялық жағдайды ескеріп, желтоқсанның ортасына қарай біз демалыс және мереке күндерінде локдаунды алып тастап, облыс орталығында шектеу шараларын әжептәуір жеңілдетуді жоспарлап отырмыз.  

Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да тоқталып өтті. Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері ет өндірісі 4,1% артқан. Құмар Ақсақалов әрбір үшінші қазақстандықты солтүстіктің өнімімен қамтамасыз ете аламыз деп отыр. Бүгінде облыстың 80-нен астам қайта өңдеу кәсіпорны 330 түрлі ет, сүт және макарон өнімдерін шығарады. Әкім оңтүстіктен көшіп келгендер жайын да айтты. 2016 жылдан бері 6 жарым мың адам келіп, оның 8 пайызы қайтып кеткен. Биыл өзге өңірден қоныс аударғандарға арнап 700 үй салынған.

Фариза Мұсақызы


СҚО карантиндік талап

Хабарламаларға жазылу