Қордайда коронавирусқа қарсы вакцина шығарыла бастайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қордайда коронавирусқа қарсы вакцина шығарыла бастайды

02.12.2020

Жамбыл облысының Қордай ауданындағы коронавирусқа қарсы вакцина өндіретін цех жыл соңында іске қосылады. Бұл туралы өңір басшысы Бердібек Сапарбаев мәлімдеді.  

Мұнда жылына 30 миллионнан 60 миллион дозаға дейін вакцина өндіріледі. Жоспар бойынша алғашқы екпе наурызда шығарылады. Институт қызметкерлерін қолдау үшін тұрғын үйлер салынып жатыр. Әкімнің сөзінше, пандемиямен күреске 11 миллиард теңге бөлінген. Аймақ індеттің екінші толқынына дайын. Төрт жарым мың орынға арналған 453 реанимациялық төсек-орын ашу жоспарлануда. Індеттің алдын алуға 7 мыңдай медицина қызметкері тартылмақ.

Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі: 
-Зауыт құны шамамен жеті миллиард теңге. Ол тек коронавирусқа қарсы вакциналар шығармайды, сондай-ақ, бруцеллез, дерматит, құс тұмауы және тағы басқа ауруларға қарсы вакцина шығарады. Бұл жануарлардың да, адамның да иммунитетін арттыруға керек препараттар. Бұл мәселеде Үкіметтің толық қолдауы мен Үкімет тарапынан бақылау бар.  

Бердібек Сапарбаевтың мәліметінше Қордай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына 35 миллиард теңге бөлінген. Тіршілік қалыпты арнаға түскен, жыл басында тұрғындардың 47 пайызы газбен қамтылса, қазір бұл көрсеткіш 100 процентке жуықтады.

Сондай-ақ, әкімнің сөзінше облыс аумағында мектеп сыртындағы әжетханалар толығымен жойылған. Білім ордаларында бейнебақылау камералары орнатылған. Еске салсақ, былтыр Тараздағы мектептердің бірінде даладағы дәретханада белгісіз біреу оқушыға зорлық көрсеткен еді. Бүгінде қылмыскер қамауға алынған.

Фариза Мұсақызы 


Қордай коронавирус вакцина

Хабарламаларға жазылу