Нұр-Cұлтан: Құрылысшыларға арналған тамақтану орны өртеніп, газ баллоны жарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Cұлтан: Құрылысшыларға арналған тамақтану орны өртеніп, газ баллоны жарылды

02.12.2020

Нұр-Cұлтанда тағы да контейнер өртке оранып, ішінде тұрған газ баллоны жарылды. Оқыс оқиға кеше кешке Байтұрсынов көшесі бойындағы құрылыс алаңында болған. Абырой болғанда адамдар аман.  

Раушан Сайлауқызы, тілші:  
-Контейнердің жалпы аумағы 150 шаршы метр. Өздеріңіз көріп тұрғандай өрттің қатты болғаны сонша сау тамтығы қалмаған. Өрт сөндірушілер тек мынадай темір заттарды алып шыққан. Ал нақты өрттің себебі, анықталу үстінде. Құрылысшылардың сөзінше бұл орын тамақтанатын орын болған деседі.  

Газ, пеш, күйген ыдыстар. Қызыл жалын контейнерден өзге айналасындағы ағаштарды да шарпыған. Оқиғаның мән-жайын білмек болып мұндағы құрылыс иелерін сөзге тарттық. Жауап беруден жалтарды. Ал өзін күзетшімін деп таныстырған мына азамат іште газ баллон болмаған дейді. Өрт сөндірушілер темір ыдыстарды баллонмен шатастырған болуы мүмкін екен.

Құрылыс алаңы ашық. Қоршалмаған. Ары-бері жүретін адам көп. Күзетші сол тұрғындардың бірі өрт оқиғасына себепкер болуы мүмкін деп жұмысшыларға шаң жуытпады.

Сәкен Қайырбекұлы, құрылыс күзетшісі:   
-Біреу өтіп бара жатып, темекінің қалдығын тастауы мүмкін. Бұл контейнерде бұрын жұмысшылар тамақтанған. Қазір бос тұр. Кеше өрт кезінде ішінде ешкім болған жоқ. Ал жалпы қыруар шығын шықты деп айта алмаймыз.   

Қызыл жалынды 30 минут ішінде ауыздықтаған өрт сөндірушілер кеше контейнерден бір емес 4 газ баллонын алып шыққан. Төтенше жағдай департаментінің болжамына сәйкес, алдымен контейнер өртеніп, кейін іште тұрған баллон жарылуы мүмкін.

Еркін Отарғалымұлы, Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД басқарма бастығы: 
-Өрт сөндіру барысында газ-баллон жарылыс орын алды. Өрттің шығуына байланысты өрт зертханасы бойынша, бірнеше себептер қарастырылды. Біріншісі қысқа тұйықталу.Екіншісі қасақана от қою.  

Егер өрттің себебі негізгі ережелерді сақтамағаннан болғаны дәлелденсе, құрылыс компаниясы әкімшілік айыппұл төлеуі мүмкін. Содан болар, құрылыс иелері өрт жөнінде жақ ашпай отыр. Ал тілсіз жаудың нақты себебі, арнайы комиссияның сараптамасынан соң белгілі болады. Бұл айналасы 10 шақты күнде елордада орын алған екінші оқыс жағдай. Еске салайық, Шұбар ауданындағы дәмханада баллон жарылып, екі адамның өмірін жалмаған еді.

Раушан Сайлауқызы


Нұр-Cұлтан газ баллон жарылыс

Хабарламаларға жазылу