Иманбек Зейкенов: Танымал мен емес, менің ремиксім «Roses» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Иманбек Зейкенов: Танымал мен емес, менің ремиксім «Roses»

27.11.2020

Әлемге «Roses» ремиксімен танылған керекулік Иманбек қанша елден шақыру түссе де, туған жерін тастап ешқайда кетпейтінін Ұлттық арнаға берген эксклюзивті сұхбатында айтты. Грэммиге үміткер болған жас таланттың алдағы жоспарларын тілшіміз Болат Аманбаев білді.   

Айналдырған біренше күннің ішінде бүкіл әлемге танымал болған Иманбек облыс әкімімен кездесуді ақпарат құралдарынсыз өткізуді сұрапты. Бірақ Ұлттық арна үшін сұхбат беруден бас тартпады.  

Иманбек Зейкенов, диджей, музыкалық продюсер:
-Осылай табан астынан сұхбат беруімді сұраған сәтте өзімнің танымал екендігімді сезінемін. Ал, былайғы жерде жұлдызбын деп санамаймын. Шынымды айтсам танымал мен емес, менің ремиксім «Roses». 

Талайлардың таңдайын қақтырған бұл ремиксті көпшілік 117 млн рет тыңдапты. Иманбектің туындысы әннің түпнұсқасынан 60 млн-ға артық қаралған екен. Әйгілі «Грэмми» марапатына лайық үздік ремиксті жас талант бар-жоғы екі сағаттың ішінде жазып шыққан. Мұндай марапатқа ұсынылған бұл алғашқы қазақстандық шығарма. Ақсулық жігіттің бұдан өзге 50-ге тарта туындысы бар. 

Иманбек Зейкенов, диджей, музыкалық продюсер:
-Мен музыканы жазуды сол алғашқы кездегідей жалғастырып жатырмын. Өзімнің ескі ноутбугым бар. Сонымен жұмыс істеу ыңғайлы. 

Диджей өз шығармаларын тарту үшін ресейлік компаниямен келісімшарт жасасқан. Қас қағым сәтте халықаралық деңгейде әйгілі болған дарынды музыкантқа көрші елдің продюссері бірден қолқа салған. «Грэмми» марапатының иегерлері келер жылдың қаңтар айында белгілі болады. Отандық трэк қазір үздік бестіктің қатарында. Оның мықты бәсекелестерінің бірі-әйгілі Бейонсе.  

Болат Аманбаев

Иманбек Зейкенов Roses

Хабарламаларға жазылу