Павлодарда бір жасар баласын автовокзалға тастап кеткен әйел ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда бір жасар баласын автовокзалға тастап кеткен әйел ұсталды

27.11.2020

Бір жасар баласын сапаржайға тастап кеткен павлодарлық әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сәбиін өзекке тепкен безбүйрек ананы полиция көп ұзамай тапты. Ол қазір Тараз қаласында тұрады. Павлодарға Семейден таксимен келген. Бірден автовокзалға соғып баланы тастап кетуді жоспарлағанын мойындады. Тергеу кезінде оның 9 жасар тағы бір ұлы бары анықталды. Баланы әжесі бауырына басыпты. Автовокзалда қалдырылған бөбек бірден ауруханаға жеткізілді. 

Асет Акбиева, инфекциялық бөлімше меңгерушісі:
Қазір жағдайы қалыпты. Кеше дене қызуы 37,8 градус болған. Тамағы қызарып, мұрны бітелген. Сәл тұмауратқаны болмаса бала ширақ. Тәбеті жақсы. Қан сынамасы алынды. Әзірге бізде болады.

Түркістан облысында 6 жасар баланы қағып өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен көлік жүргізушісі ұсталды. Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылының тұрғыны рөлге ие бола алмай, алдынан шыққан баланы соғып кеткен. Артынша жеткіншекті ауыл ішіндегі дүкендердің біріне тастап, өзі із суытқан. Ал дүкен иесі жедел жәрдем қызметін шақырғанымен бала ауыр соққыдан ес жимай жантәсілім етті. Тергеу барысында күдіктінің көлікті қораға жасарғаны анықталды. Қазір ол сот шешімімен үйқамақта отыр.

Болат Аманбаев

Павлодар баласын тастап кеткен

Хабарламаларға жазылу