Павлодар облысында биыл 200-ге жуық әлеуметтік нысан жөнделді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында биыл 200-ге жуық әлеуметтік нысан жөнделді

26.11.2020

Әр мұғалімге - 2 млн 800 мың теңге. Жыл соңына дейін Павлодар облысының елу педагогы осындай көлемде сыйақы алады. Одан бөлек өңірдің мектептері бірыңғай еуро стильдегі дизайн бойынша күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Өңір басшысы ерекше атмосфера мен эстетика ұстаз бен оқушының ынтасын артыратынына сенімді. Павлодар облысының әкімі індет жайлаған қысылтаяң уақытта республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаражатты қалай игеріп жатқаны туралы есеп берді.  

  Әкімнің әр қадамын тұрғындар басқа, Үкімет пен Президент әрекетін жіті қадағалап отыр. Өйткені, өндірісті аймақты басқару оңай емес. Саяси аренадағы алғашқы қызметтік жылы өте шықты. Бүгін үлкен мінбердегі бірінші есебі. Бір жылда мың шақырым жол мен 200-ге жуық әлеуметтік нысанды жөнге келтіріп, екі мың пәтер кілтін тапсырмақ. 

Әбілқайыр Сқақов, Павлодар облысының әкімі:  
-Жұмыспен қамту жол картасы бойынша биыл аймаққа 43, 2 млрд теңге бөлінді. Біз мың ұсақ жоба бастағанша, аз бірақ ірі жоба болсын деп шештік. Тұрғындар сұранысы бойынша үй, әлеуметтік нысан құрылысын салуды ұйғардық. Соның арқасында жұмыссыздық деңгейі де былтырғы күйінде қалды – нақты айтсам, 4, 9 пайыз. 

Пайыз демекші, аймақтағы өндірістің өсу қарқыны 100,4 пайыз. Пандемиядан ұтылмаудың басты формуласы – ұйымшылдық,-дейді әкім. Кәсіпорындардың ірісі кішісін демеп, қажеттіліктерін өзара қанағаттандырған. Мемлекеттік тапсырыс та жергілікті бизнеске берілген. Нәтижесінде орта бизнестің өндіріс жүктемесі 75 пайызға жетті. Аймақ халықты қажетті азықпен де өзі қамтып отыр.

Әбілқайыр Сқақов, Павлодар облысының әкімі:  
-Негізгі азық-түлік тауарлары тізіміндегі 29 өнімнің 23-імен облысымыз өзін-өзі қамтасыз етіп отыр. Ал, ұн, сиыр еті, картоп, сәбіз, макарон сияқты өнімдер, тіпті экспортқа шығаруға да жеткілікті. 

Павлодардың еті пен сүті елдегі әр аймаққа жетеді. Өңір басшысы экономиканы ауыл шарушылығына басымдық беру арқылы нығайтпақ. Жыл соңына дейін фермерлердің шетелден әкелген асыл тұқымды, етті ірі қара малы 5000-ға жетеді. Алдағы үш жылда 23 cүт фермасы іске қосылады. Өнімді молынан алу үшін суармалы жерлерді көбейту де қолға алынды.


Павлодар облысы әлеуметтік нысан Әбілқайыр Сқақов

Хабарламаларға жазылу