Елбасы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрына барды

26.11.2020

Елордада жаңа қазақ драма театры ашылды. Елбасы бүгін Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрына барды. Мәдени ошақтың құрылысы жақында аяқталған. Сонымен қатар, Тұңғыш Президент жеңіл атлетика спорт кешенінің құрылысымен де танысты. Былтырғы сызба биыл сәулеті дәулетіне сай құрылысқа айналды. Қазақ драма театрының ғимараты Елбасының тікелей тапсырмасымен бой көтерді. 

«Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды». Бұл Елбасы ұстанымы. Ал театр – руханият ошағы. Ғимараттың жобасын өзі қолдап, бекітуі де содан. Ал құрылыс барысын Мемлекет басшысы қадағалады. 

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұжымы жақында жаңа ғимаратқа көшті. Жаңа мәдени нысанмен танысып шыққан Нұрсұлтан Назарбаев шығармашылық ұжымымен кездесті. Бас қалада қазақ драма театры үшін жаңа үлкен ғимарат тұрғызуды Елбасы бұрыннан армандағанын айтты. 

Бұл – мемлекеттің өнерге деген қамқорлығы. Кешен 800 орынға есептелген, 3 қабаттан тұрады. Рухани азық алатын театрда үлкен зал, камералық зал, көркем галерея, мейрамхана, мәжіліс залы бар. Жалпы ауданы 22 мың шаршы метрден асады. 

Елорданың сәулетіне тағы бір нысан сән қосты. Ол - жеңіл атлетика спорт кешені. Құрылысы былтыр ақпанда басталған. Елбасы «Астана бас жоспар» зерттеу-жобалау институтында танысқан бұл жоба қазір үлкен өнердің өрнегіне айналды.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы: 
-Елорда деген тарихи және мәдени мұрасы елдің. Қарыштап дамып келе жатқан заманауи шаһар. Тәуелсіздік рухымен салынып жатқан мәдени ошақтардың қатары көбеюде. Елордада бірегей денсаулық сақтау, білім беру, ғылыми жағынан да қаланың үлкен болашағы бар. Спортта да тың серпіліс байқалуда. Спорттың биыл салынған жеңіл атлетика сарайы ол біздің өңірде жоқ сарай. Дүниежүзілік жеңіл атлетика өткіземіз деп жатыр ғой жарыстың, осы спорт сарайын тек қана үлкен спортқа емес, жай халықтың ішіне барып спортпен шұғылдануына мүмкіншілік жасау керек.  

Елбасы атлетикалық алаң мен жаттығу орталығын аралады. Спорт ғимараты 7000 адамға шақталған. Ол алдымен - бұқараға қол жетімді болуы тиіс. Елбасы осыны тапсырды. Нысан осы айдың басында пайдалануға берілді. Кешенде жүгіру жолдары, спорт алаңы, екі бассейн, қонақ үй, балалар алаңы, спортзал және биіктік пен ұзындыққа секіру секторлары бар. Спорт кешені жақында халықаралық жеңіл атлетика федерациясының сертификатына ие болды. Бұл - әлемдік деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік беретін құжат. 

Асима Нұрбайқызы 


Елбасы Қуанышбаев қазақ драма театры

Хабарламаларға жазылу