Ақтөбеде ауыл жұрты шошқа фермасын жабуды талап етті

20.11.2020

Ақтөбе облысының Бестамақ ауылының халқы іргедегі шошқа фермасының жұмысын тоқтатуды талап етті. «Кәсіпкер 10 жылдан бері айналаны ластап болды, сойылған жануардың ішек-қарыны айлап көмілмей далада жатады», - дейді жұрт. Зиянды қалдықтар ішіп отырған суларына дейін бүлдірген. 

Жақсыбек Кемал, тілші:
Ферманың дәл жанынан ұзындығы ат шаптырым болатын мынадай траншеялар қазылған. Алайда сойылған шошқаның ішек-қарындары мен басқа да қалдықтар талапқа сай көмілмеген. Тұрғындардың айтуынша, қазірге дейін ондаған гектар жер бүлініп үлгерген.

Тұрғындардың арызданып келе жатқандарына бірнеше жылдың жүзі болған. Алайда, шағымдарына құлақ асар ешкім болмай тұр. Олар кәсіпкер алғашында шошқа өсіремін деп емес, құс шаруашылығын дамытамын деп алдап соқты дейді.

Ерболат Кенетаев, Бестамақ ауылының тұрғыны:
Тауық, түйеқұс ұстаймыз деді. Оның аяғы не болды? Мына тұрған Бесқоспа, мына Қараағаш, Алғаға дейін иіс деген, қай жақтан жел соқса, сол жаққа қатты шығады. 

Мына көріністерді күні кеше ауыл тұрғындары түсіріп алған. Қалдықтар мен шошқа өлекселері бір, кейде екі айға дейін көмілмей ашық жатады деп отыр. 40 мың шошқа өсіретін ферма иесі қазір шет елде. Ал орнындағы жауапты адам экологияға орасан зор зиян келтіріп отырғанын мойындады. Айтуынша, күніне 280 шошқа сойылады. 20 күннен бері ашық жатқан 6 мын тонна қалдық күні кеше ғана көмілген.

Нұрым Құмаров, ферманың атқарушы директоры:
Крематорий бар. Техникамыз сынып қалды, содан соң содамен араластырып көміп тастадық. 

Ауыл тұрғындары ферманы жабуды талап етіп, бұған дейін де шағымданған. Ал аудан басшысы оған нақты себеп болу керектігін алғатартады.

Мамырғали Аққағазов, Алға ауданының әкімі:
Біздер осында келіп түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Қазіргі таңда Ақтөбеден мамандар келіп, жұмыс жасап жатыр. Экологиялық жағдайды, қандай кемшіліктер бар екенін көрсетіп. Жұмыс барысында біраз кемшілік анықталды.

Тұрғындармен кездесуге қоғамдық кеңес өкілдері де келді. Енді осы жағдайға байланысты құрылған комиссия құрамына ауыл адамдары да енеді. Аудан әкімінің сөзінше, ферманың экологиялық талаптарды бұзып отырғаны рас, яғни іс сотқа дейін жетуі тиіс. 

Жақсыбек Кемал

Ақтөбе облысы

Хабарламаларға жазылу