COVID-19: Аурудың ең көп таралуы Еуропа мен Америка елдерінде тіркелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

COVID-19: Аурудың ең көп таралуы Еуропа мен Америка елдерінде тіркелді

19.11.2020

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 56 миллионнан асты. Аурудың ең көп таралуы Еуропа мен Америка елдерінде тіркелді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, бір аптада 60 мыңдай адам қайтыс болып, рекордтық көрсеткішке жеткен.  

АҚШ - коронавирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар саны бойынша әлемде көш бастап тұр. Өткен тәулікте 75 мыңдай адамнан ауру анықталған. Күніне 1500-дай тұрғын көз жұмуда. Жалпы эпидемия басталғалы 250 мыңдай азамат «ковид» құрбаны болды. Жаңадан сайланған президент Джо Байден коронавируспен түбегейлі күресуге мүдделі. Алайда елдің денсаулық сақтау министрлігі Байден қызметіне ресми түрде кіріспейінше, онымен жұмыс істеуден бас тартқан. 

Джо Байден, АҚШ-тың сайланған президенті: 
-Негізгі проблема – Трамп әкімшілігінің сайлау нәтижелерін мойындамауы. Бұл эпидемияға қарсы шара қабылдауға кедергі келтіріп отыр. Бірақ, мен президент ретінде халықты қорғау үшін күресуге дайынмын. Бүгінде маска тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау сияқты ережелер қатаң бақылауға алына бастады. 

Еуропада бір аптада 2 миллионға жуық адам инфекция жұқтырған. Италия Қарт Құрлықта өлім-жітім бойынша Ұлыбританиядан кейінгі екінші орында тұр. Бір күнде 730 адам көз жұмып, жалпы қайтыс болғандар саны 47 мыңнан асты. 

Ал Франция – қауіпті тізімде Ресейді артқа тастап, АҚШ, Үндістан, Бразилиядан кейінгі төртінші орынға шықты. Елде жұқпалы дерт 2 миллиондай адамнан анықталған.

Швейцария дәрігерлері індетпен күресуге әскерилерді тартуды сұрап отыр. Науқастардың күрт артуынан емдеу мекемелері дер кезінде көмек көрсетіп үлгермей жатыр.  

Бертран Леврат, аурухана директоры:  
-Жағдай өте ауыр. Ауруханаға күніне 500-ден астам адам түседі. Персонал шаршады. Мамандардың өздері вирус жұқтырып жатыр. Эпидемиямен күресуге әскерден бөлек өрт сөндірушілерді де жұмылдырамыз. 

Ал Ресейде коронавирус жұқтырғандар саны 2 миллионнан асты. Өткен тәулікте жұқпалы дерт 24 мыңға жуық адамнан анықталды. Эпидахуал әсіресе Мәскеу мен Санкт-Петербургте өршіп тұр. Ауруханаларда орын жетіспей, науқастар госпитальге айналған көрме орталығында ем қабылдап жатыр.

Жансая Қапасқызы

COVID-19 Әлем Еуропа Америка

Хабарламаларға жазылу