Шымкентте жүргіншілер өткеліндегі эскалаторлар экспонатқа айналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте жүргіншілер өткеліндегі эскалаторлар экспонатқа айналды

18.11.2020

Шымкент тұрғындарына орталық көшелердің қарсы бетіне өту мұңға айналды. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандар, қариялар мен балалы әйелдерге қиын соғып тұр. Өйткені жаяу жүргіншілерге арналған өткелдерде лифт мен эскалаторлар жұмыс істемейді. Ал көпір үсті қардан тазартылмағандықтан он екі мүшесі сау адамның өзі мұзда тайғанақтап, әрең өтуде.   

Дана Берденова үшін жүргіншілер өткелі азапты асуға айналды. Жоғарыға көтеріп, түсіретін эскалатордың экспонатқа айналғанына біраз болды. Тетігін қанша басқанмен жеделсаты міз бақпайды. Мүмкіндігі шектеулі жан баласын мектепке апарып-әкелу үшін күнделікті баспалдақпен жаяу көтерілуге мәжбүр.  

Дана Берденова, қала тұрғыны: 
-Мына жерден зорға шығып түсем. Лифтінің істемей тұрғанына бір ай болды. Ентігіп зорға шығамыз. Көпір деген қиын болды.  

Ал, №18 шағын аудандағы өткелдің лифтісіне тіпті шынжырланып, қара құлып салынған. Жуық арада ешкім мініп түспегені көрініп тұр. Әйтсе де көпір биыл 5 миллион теңгеге қайта жөнделген.

Ғани Қалмаханов, тілші: 
-Ең сорақысы бүгін қар жауып, мынадай өткелдердің үстімен жүру мүмкін болмай қалды. Төселген қыш тақтайлардың беті жылтыраған көк мұз. Қарға адым жердегі қарсы бетке өтуі жұрт амалсыз бір аялдама жердегі қиылысқа жаяу барып, кері қайтуға мәжбүр.  
Панабек Ысмайлов, қала тұрғыны: 
-Үлкен кісі өтсе аяғын сындырады. Бұның беті бұжыр болуы керек. Оның үстіне төбесі жабылмаған.  

Шаһарда жаяу жүргіншілерге арналған осындай 12 өткел бар. Оның төртеуі - жекенің меншігінде. Коммуналдық шаруашылық мамандары эскалаторлардың тәулік бойы жұмыс істей алмайтынын айтады. Кезекшілер өздігінен жүріп тұруы қиын жандар келгенде ғана іске қосатын көрінеді.

Ерубай Құралбаев, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы: 
-18 шағын ауданда қолдан жасалған құрылғы. Оған арнайы қызметкерлер белгіленген. Олар мүгедек, қария адамға көмек көрсетеді.  
-Тап қазір істеп тұр ма?  
-Иә, иә. 

Алайда мұны растаған ешкім табылмады. Осылайша кезінде әрқайсысы 120 миллион теңгеге салынған өткелдер көз қуаныш болғанымен, кәдеге жарамай тұр.

Ғани Қалмаханов


Шымкент жүргіншілер өткелі эскалатор

Хабарламаларға жазылу