20 қарашадан бастап Түркияда коменданттық сағат жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

20 қарашадан бастап Түркияда коменданттық сағат жарияланды

18.11.2020

Түркияда коронавирус өршіп, карантин талаптары күшейді. Ел Президенті Режеп Тайып Ердоған жұмадан бастап елде коменданттық сағат жарияланатынын айтты. Бұдан бөлек қоғамдық тамақтану орындары жабылып, мектептер қашықтан оқытуға көшеді. Түркиядағы соңғы жаңалықтарды осы елдегі тілшіміз Айдос Әшімұлынан білейік.  

Айдос Әшімұлы, тілші:  

-20 қарашадан бастап Түркияда коменданттық сағат жарияланды. Дегенмен бұл жолы көктемдегідей емес, оның уақыты шектеулі. Яғни сенбі-жексенбі күндері кешкі сегіз бен таңертеңгі он арасында ғана көшеге шығуға тыйым салынады. Бұдан бөлек вирусты жұқтыру қаупі жоғары саналатын, 20 жасқа дейінгі және 65 жастан асқан азаматтар күніне тек үш сағат қана сыртқа шығуға ерікті. Сондай-ақ, мектептер мен университеттердің барлығы онлайн оқу форматына көшірілді. Ал қоғамдық тамақтану орындарынан тамақты тек өзімен бірге алып кетуге ғана рұқсат болмақ.  
Ал елдегі вирустың таралуына қатысты статистикаға тоқталатын болсам, бүгінге дейін Түркияда 421 мың адамнан коронавирус анықталса, қайтыс болғандар саны 11 мыңнан асты. Ал кеше бір тәулікте жыл басынан бергі ең көп адамға, яғни 3819 кісіге коронавирус диагнозы қойылды. Дегенмен елде карантин талаптары күшейгенімен әзірге шекараны жабу, ұшақ рейстерін тоқтату туралы мәселе көтерілген жоқ.  

Айдос Әшімұлы  


Түркия коменданттық сағат

Хабарламаларға жазылу