Башқұрстанның кей жоғары оқу орындары пандемияға байланысты шекарадан аса алмай қалған қазақстандық студенттер үшін оқу семестрін жазға ауыстыруға дайын. Қазақстаннан бұл елде бір мыңнан астам студент оқиды. Олардың кедергісіз білім алуы және басқа да бірқатар маңызды мәселелерді Қазақстанның Ресейдегі елшісі Башқұрстанға сапары кезінде талқылады.
Қазақстан - Башқұрстанның жетекші бес сауда экономикалық серіктесінің бірі. Тауар айналымы жылына 300-350 млн долларға жетті. Бірақ әріптестікті әлі де арттыра түсу көзделіп отыр. Башқұрстан аумағында бірлескен 37 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның санын көбейтуге екі жақ та мүдделі.
Радий Хабиров, Башқұрстан Республикасының Президенті:Қазақстандық компаниялардың бірі Есілбай ауданындағы «Алға» арнайы экономикалық аймағында 1,4 млрд рубль тұратын полипропиленнен жасалған жіп пен полиэтилендік тор шығаратын зауыт салмақ.
Ермек Көшербаев, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі:Әлеует үлкен, келесі жылы әріптестікті жандандыруымыз керек. Машина жасау, ауыл шаруашылығы, ғылым салаларында ортақ жұмыс істеп, алыс-берісті көбейте аламыз. Біздің тарап оған дайын.
Бұл елде 1 мыңнан астам қазақстандық студент оқиды. Башқұрстандағы жоғары оқу орындарының ректорлары онлайн дәріс алып жатқан жастарға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Олег Баулин, Уфа мемлекеттік мұнай- техникалық университетінің ректоры:
Қашықтан оқыту жүйесін әзірледік ,оған Қазақстанның барлық студенті тіркелген. Сонымен қатар олардың белсенділігін бағалау үшін әрқайсына куратор бөлінген. Осы семестрді жазға ауыстырып отырмыз, сондықтан жете алмай жүрген студенттерге алаңдауға негіз жоқ.
Ал елордада көп ұзамай Башқұрстан Республикасының өкілдігі ашылмақ.
Индира Бегайдар
