Көктемдегідей жаппай карантинге жеткізбей, пандемияны ауыздықтау керек - Тоқаев

16.11.2020

Қазақстанның екі бірдей вакцинасы әлемнің озық препараттарының қатарына кірді. Қазір олар тексерістен өтіп жатыр. Сондай-ақ елімізде Ресейдің екпесін шығаратын зауыт салынады. Қос елдің президенттері келісімге келген. Бұл туралы бүгін Ақордада өткен жиында Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы кей өңірлерді науқастардың шынайы санын жасыру фактілері болғанын айтып, ондайға жол бермеу керектігін ескертті. 

Пандемия әлемді бұрын-соңды болмаған өзгеше жағдайда өмір сүруге үйретті. Еліміздің денсаулық сақтау жүйесі де осы уақытта біршама сынақтан өтіп, тәжірибе жинақтады. Бизнес те бейімделіп, қарапайым халық карантин жағдайына бой үйретті. 

Еліміздің кейбір аймақтарында вирус қайта өрши бастады. Сол себепті Президент жүйелі, уақытылы шешімдер қабылдау қажеттігін айтты.  

Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлттық статистика бюросына медициналық статистиканы қалыптастыру үшін кешенді жұмыстарды әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ емдеу мекемелеріне тас түйін дайын болу қажеттігі тапсырылды. Әскери медицина да инфекциямен күресу үшін жедел әрекетке сақадай-сай болуы тиіс. 

Қасым-Жомарт Тоқаев дәрі-дәрмек мәселесіне ерекше тоқталды. Қанша дәрі, қандай мекемелерге сатып алынғаны жөнінде толық ақпарат жоқ. Үкімет пен әкімдіктер қажетті мөлшерде дәрілерді сатып алуды қамтамасыз етуі керек. 

Президент коронавируспен күреске тартылған ақ халаттыларға үстемақы төлеу жалғасатынын айтты. Компания басшылары мен кәсіпкерлерге санитарлық талаптарды ұстану турасындағы міндет пен жауапкершілікті естен шығармау қажеттігін ескертті. Соңғы уақытта дәл осы ұжымдарда, жұмыс орындарында науқастар саны көбейген. Автобустар мен халық көп шоғырланатын жерлердегі жағдай да алаңдатарлық деңгейде.

Мемлекет басшысы дәрігерлерді қорғаныш құралдарымен толық қамтамасыз ету керектігін қадап айтты. Ол үшін Үкімет отандық маска мен басқа да медицина құралдарын өндірушілерді шикізатпен қамтуға атсалысуы тиіс.  Кез келген қиындық жаңа мүмкіндіктерді ашады. Отандық мамандардың жасаған екі бірдей вакцинасы әлемнің озық әрі перспективасы үлкен биопрепараттар қатарына кірген. Қазір олар клиникалық тексерістен өтіп жатыр. 

Жиын соңында Президент барша Қазақстан халқын тәртіпке бағынып, санитарлық талаптарды ұстануға шақырды. Сондай-ақ дәрігерлер мен полицейлерге, әскерилерге және пандемиямен күрестің алдыңғы шебінде жүрген барша азаматтарға зор алғысын білдірді.  

Шерхан Жамбылұлы  


Президент коронавирус кеңес

Хабарламаларға жазылу