Отандық ғалымдар әлемде баламасы жоқ белсенді қоспа жасап шығарды. Ол әдетте ағаш немесе тас көмірден жасалса, Білім және ғылым министрлігіне қарасты ғылыми орталық мамандары оны кәдімгі күріш қауызынан алған. Соның арқасында биологиялық қоспа ретінде тиімділігі жоғары энтеросорбент өндірісі жолға қойылды.
Кәдімгі күріш қауызы – ішіндегі дәнді сыртқы ортаның әсерінен қорғайтын табиғи қасиетке ие. Құрылымы ағаштан бөлек. Осыны тыңғылықты зерттеген отандық ғалымдардың арқасында әлемде жоқ наносорбент елімізде жасалды.
Сестагер Ақназаров, жоба жетекшісі, химия ғылымдарының докторы:
Біз осы фармацевтикалық энтеросорбенттер өндірісінің технологиялық тізбегін жолға қоюды көптен бері ойлап келген едік. Сосын «Ғылым қорының» конкурсына өтініш беріп, олар біздің идеямызды қолдап, қаржы бөлді. Өнім барлық сынақтан өтіп, жобамыз сәтті жүзеге асты.
Ғалымда энтеросорбент адам ағзасындағы ауыр металдармен қатар, улы заттарды өзіне сіңіріп алады. Құрамында адам ағзасына қажетті кремний диоксиді бар.
Сестагер Ақназаров, жоба жетекшісі, химия ғылымдарының докторы:
Ерекше атап өтетінім, бұл қоспаны әсіресе инфекциялық аурулармен күресте пандемия жағдайында қолдануға болады. Дәрі болмаса да иммундық жүйеге ерекше күш береді. Уланумен қатар, бауыр циррозы мен асқазан-ішек жүйелері ауруларының алдын алуға көмектеседі.
Аталған өнімді жасау үшін қай күріштің қауызы жоғары қасиетке ие екенін талдаған мамандар еліміздің бірнеше өңірінің арасынан Бақанас күрішін таңдапты. Шикізаттан дайын өнімге дейін өндіріс алты сатыдан тұрады
Қалампыр Бексейітова, энтеросорбент зертханасының меңгерушісі:
Ішекте еритін капсуланы таңдағанбыз. Себебі ағзаның улануы, ас қорыту жүйесінің ең соңғы процесі осы ішекте жүреді. Үш жылға жоспарланған жоба болатын. Оған 294 миллион теңге бөлінді.
Отандық ғалымдардың ойлап тапқан өнімі қазақстандық және халықаралық патенттерге ие. «Ғылым қоры» қаржыландырған жобаға Орталық Азиядағы көрші мемлекеттерді айтпағанда, Қытай, Жапония және Испания сияқты елдер қызығушылық танытып отыр.
Қуан Нұрақын