Атыраудағы жүн өңдейтін зауыт жабылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраудағы жүн өңдейтін зауыт жабылуы мүмкін

12.11.2020

Атыраудағы жүн өңдеу және тоқыма өнімдерін өндейтін зауыт жабылып қалуы мүмкін. Шикізаттың аздығы мен тапсырыстың жоқтығы, кәсіпорынның жұмысын әбден тұралатқан. Қазірдің өзінде ондаған адам жұмыссыз қалды. 

Отандық жеңіл өнеркәсіпті өрге сүйрейді деген кешен қазір қаңырап тұр. Миллиондарға алынған құрылғыларды түгел шаң басқан. Жылына 500 тонна жүн өңдеуге қауқарлы кәсіпорында, 5 жылда 210 тонна ғана шикізат өңделген. Жоқшылықтың кесірінен жұмысшылар да жылы орынын тастап кеткен. 70 қызметкердің сегізі ғана қалды.

Салтанат Мұхамбетова, зауыттың тігін цехының меңгерушісі:
-Мемлекеттен үлкен тапсырыс жоқ. Соның кесірінен, кейде айлық та бере алмай қалады. Жұмысшыларымыз көп болды кезінде. Бірақ, сол айлық бере алмағанның кесірінен аппаратты білетін, машиналарды білетін адамдар жұмыстан шығып кетті.  

Қой мен түйе жүнін өңдейтін зауыттан бастапқыда оннан астам тоқыма өнімі шығарылды. Былтыр шикізат пен тапсырыстың жоқтығынан кешен мүлдем жұмыс істемеген. Кәсіпорынның 49 проценті әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының еншісінде. Яғни, жобаға салынған 2 млрд-тан астам қаржының 1млрд 600 млн-ы бюджеттің ақшасы.

Марат Қаппаров, «Атырау» ӘКК активтерді, еншілес және тәуелді мекемелерді басқару департаментінің директоры:  
-Жүн табыстайтын мекемелер аз. Сонымен қатар пандемияға қарсы оларда жұмыстары тоқтап қалып жатыр, жұмысшылары азайып қалып жатыр. Шетелден келетін технологтардың келмеуіне байланысты, тағы белгілі мамандардың келмеуіне байланысты олардың да жұмысы тоқтап қалып отыр.   

Шаруасы шатқаяқтаған мекеме коммуналдық қарызға да белшесінен батқан. Мәселен, көгілдір отын үшін 3 жарым млн-дай берешегі бар.

Жандос Темірғали, тілші:  
- Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқа инвестор іздеп жатыр. Ал, тығырыққа тірелген зауыт басшылығы шарасыз. Нақты не істерін білмей отыр. Әзірге тек құзырлы мекемелерден көмек сұрауда. Егер, проблема шешілмесе, еліміз үшін аса маңызды кешен құрдымға кетуі мүмкін. 

Жандос Темірғали


Атырау жүн өңдейтін зауыт

Хабарламаларға жазылу