Қаржы пирамидасын ұйымдастырған шетелдіктер ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаржы пирамидасын ұйымдастырған шетелдіктер ұсталды

12.11.2020

Жұртты шулатқан «Гарант 24 ломбард» қаржы пирамидасына қатысты тергеу ісі аяқталды. Полицияға 18 мыңнан аса арыз түсіп, жәбірленушілер 22 миллиард теңге көлемінде шығынға ұшыраған. Қылмыстық топты құрықтауға 150-ден аса тергеушілер мен анықтаушылар жұмылдырылған. Нәтижесінде жауапкершілікке 56 адам тартылып, бес адам әлі іздестіріліп жатыр. Күдіктілерден 70 миллион теңге тәркіленіп, 22 миллиард теңгеден асатын мүлікке тыйым салынды.

Санжар Әділов, ІІМ Тергеу департаментінің басшысы:
Жәбірленшілер өз ақшасын қалай қайтарады? Қылмыстық топтан тәркілеген қаражат пен мүліктердің есебінен халық өз ақшасын қайтара алады. Бірақ бәрі сот шешімімен жүзеге асады. 

Сондай-ақ, Ақтөбеде «Голд компани» серіктестігіне қатысты тергеу тоқтады. 2,5 мың адамнан арыз түскен компаниядан 32 миллион теңге тәркіленген. Күдіктілер Ресей азаматтары. Олар арам ойларын жүзеге асыру мақсатында Қазақстанға арнайы келген.  

Бұдан бөлек, қазақстандықтарға әлемге әйгілі компаниялардың жалған акцияларын сатқан шетелдіктер ұсталды. Олар заңсыз әрекеттерін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе және Орал қалаларында жүзеге асырған. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Ақниет Балтанова


Қаржы пирамидасы

Хабарламаларға жазылу