Қарағанды облысында COVID-19-ға қарсы дәрі-дәрмектің 3 айлық қоры бар

12.11.2020

Қарағанды облысында COVID-ке қарсы дәрі-дәрмектің 3 айлық қоры бар. Бұл туралы облыс әкімі Жеңіс Қасымбек айтты. 

Оның сөзінше, өңір індеттің екінші толқынына дайын. Облыста вирусты анықтайтын тестілеу көлемі өскен. Қазір күніне 10 мың зерттеу жасауға болады. 8 ПТР зертхана жұмыс істеп тұр. Жарты жылдың ішінде ауруханалар мен санаторийлер базасында 47 арнайы емхана әзірленген.

Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:
Бүгінгі күнде облыстағы ауруханаларда науқастарға арналған орындардың толуы 4 пайыздан аспайды. Бұл - еліміз бойынша ең төмен көрсеткіштердің бірі. 

Карантин кезіндегі жұмыссыздық мәселесін шешу үшін 2200 тұрақты жұмыс орны ашылған. 3 мыңға жуық кәсіпкерге мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілді. Соңғы 10 айда аймаққа 530 миллиард теңге инвестиция тартылған. Ол қаражатқа 45 жаңа жоба жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ Балқаш пен Ұлытаудың туристік әлеуетін арттыру үшін ол жаққа баратын жолды жөндеу жұмыстары басталған. Тағы бір маңызды ақпарат, жергілікті халықты алаңдатқан Қарқаралы қала мәртебесін сақтап қалатын болды.

Амангелді Сейітхан

Қарағанды коронавирус дәрі-дәрмек

Хабарламаларға жазылу