Медицина мамандары халыққа түсінікті ақпар беру үшін тренингтен өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Медицина мамандары халыққа түсінікті ақпар беру үшін тренингтен өтіп жатыр

11.11.2020

Енді ем-домға қатысты түрлі фейк ақпараттарды жоққа шығарумен дәрігерлер де айналыспақ. Қазір 50 маман арнайы тренингтен өтіп жатыр. «Red Point Kazakhstan» агенттігі қолға алған бағдарлама екі айға жалғасады. Кейін ораторлық шеберлік пен қарапайым тілде сөйлеуді меңгерген ақ халаттылар ақпараттық түсіндіру жұмыстарына тартылмақ. 

Әділ Жұмағалиев қарапайым тілмен сөйлеп, жазу үшін арнайы тренингтен өтіп жүрген дәрігерлердің бірі. Өйткені медицина қызметкерлерінің жазуын айтпағанда, тілі мен сала терминдерін түсіну қиын. Содан болар жұрт өзіне қажетті ақпаратты ғаламтордан іздеп, түрлі фейкке тап болады.  

Әділ Жұмағалиев, Транспланттауды және медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың директоры:
-Тұрғындарды халықты ең бастысы түсінікті және шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады. Өйткені бәрімізге мәлім интернет пен басқа жерлерде теріс ақпарат теріс түсінік тарайды. Соның бәрін дер кезінде тоқтатып, шынайы ақпарат беру керек. 

Яғни эпидемия кезінде ақ халаттылардың жұртқа жалпақ тілмен сөйлеп, дұрыс ақпарат бергені жөн дейді. Өйткені коронавирусты імбір, сарымсақ емдейді деген секілді фейк мәліметтер көп. Енді бұған тосқауыл қою үшін Әділ секілді 50 дәрігер онлайн сабақ оқып жүр. 

Әсел Қожақова, Experts Hub жобасының жетекшісі:
-Тренингке қатысуға 108 адам өтініш берген. Біз оның 50-ін іріктеп алдық. Олар оқу барысында терминдерді түсінікті тілмен жеткізуді, әлеуметтік желідегі фейк ақпараттарды жоққа шығарып, еркін сұхбат беруді, камерамен жұмыс істеп, ораторлық шеберлікті үйренеді. Оқу жылдың соңына дейін жалғасады. 

Осыдан соң халықты аузына қаратып, сөзіне иландыратын дәрігерлер бірлестігін құру көзделген. Айта өтейік, Experts Hub іске асыру үшін Консультативтік кеңес құрылған. Оның құрамына белгілі медиа менеджерлер мен Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері бар. «Qazaqstan» Республикалық Телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы да Консультативтік кеңес мүшелерінің құрамына кіреді. 

Досжан Маратұлы 

Медицина маман тренинг

Хабарламаларға жазылу