ДСМ коронавирусқа қарсы АҚШ вакцинасын да қарастырады

10.11.2020
ДСМ коронавирусқа қарсы АҚШ вакцинасын да қарастырады

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясына қарсы вакцина іздеуде АҚШ компанияларының да өнімін қарастырады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков мәлім етті.  

Нақтырақ айтсақ, журналистер брифингке келген қонақтардан (Нұрлыбек Асылбековтен басқа, брифингке «СҚ-Фармация» басшысы Ерхат Есқалиев де қатысып отыр - авт) вакцина сатып алу мәселесінде қандай өзгерістер барын және біздің шенеуніктер АҚШ-тың Pfizer компаниясы шығарған вакцина туралы хабардар ма деп сұрақ қойды.

«Бұл ақпарат (Pfizer компаниясы шығарған вакцина 90% тиімді екені туралы ақпарат - авт) кеше ғана шықты, біз де оны БАҚ-тан оқып, білдік. Вакцина сатып алу мәселесі жеделдікті талап етеді, бірақ, бұл мәселеге кешенді түрде қарау керек. Біздің ғалымдар жасап жатқан отандық вакцина бар, Ресей Федерациясы жасап жатқан вакцина бар, басқа да нұсқалар бар. Бұл тараптардың ешқайсысы әзірге сынақтың үшінші фазасын аяқтаған жоқ. Сондықтан, вакцина тіркелген соң, сатып алу мәселесін қарастырамыз», - деді Асылбеков.

Айта кетейік, шетелдік БАҚ хабарлағандай, дәрі-дәрмек саласындағы Американың алпауыт Pfizer компаниясы шығарған коронавирусқа қарсы вакцина үшінші ауқымды фазада ауруға қарсы 90% тиімді екенін көрсеткен.


вакцина коронавирус ДСМ

Хабарламаларға жазылу