Ғалымдар дауысты танып, бұйрықты орындайтын қазақ тілді жүйе ойлап тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ғалымдар дауысты танып, бұйрықты орындайтын қазақ тілді жүйе ойлап тапты

09.11.2020

Смартфонда нұсқауыңды орындайтын Сири, Алиса сияқты ақылды қыздар енді қазақша сөйлеуі мүмкін. Қазақстандық ғалымдар аудиобұйрықтың тілін қазақшалап жатыр. Дәлірек айтсақ, ақылды жүйе ойлап тапқан. Бастапқы нәтижесіне сәйкес аудионы мәтінге немесе керісінше мәтінді аудиоға айналдыратын мүмкіндік бар.  

Раушан Сайлауқызы, тілші:  
- Көлік жүргізгенде немесе қарбаласқан уақытта телефонға бұйрық бере салу ыңғайлы. Бірақ өкінішке орай орысша сөйлеуге тура келеді. Мінекей, енді қазақстандық ғалымдар осы олқылықтың орнын толтырмақ.  

Жасанды интеллект жобасы шетел технологиясына әлдеқашан енгізілгені белгілі. Телефон, теледидар, тоңазытқыш сияқты тұрмыстық техникалар құдды робот секілді. Айтқаныңды әп-сәтте орындайды. Бұларды тұтынғанымызбен, дауысты тануға негізделген заманауи технология елімізде жоқтың қасы. Жас ғалымдар осы жүйенің қыр-сырын меңгеруге кірісті.

Назарбаев университеті «Исай» институтының 5 ғалымы бірлесіп сөзтану бағдарламасын жасады. Ерекшелігі сол, айтқаның мәтінге айналады. Немесе мәтінді аудионұсқада тыңдауға болады. Жүйеге 150 мыңдай сөйлем, 334 сағат аудиожазба енгізілген. Келесі кезең дауысты танып, нұсқауыңды орындайтын қосымшаны енгізу.

Ерболат Қасанов, Назарбаев университеті «Исай» институтының ғалымы:   
- Аудионы түсіну үшін текстке айналдырып беру керекпіз компьютерге. Сөзтану жүйесі керек. Ортасында көптеген процестер бар. Сіз берген команданы өңдеу керек қой. Тексті аудиоға айналдыру сөзсинтез деп аталады. Осы екі қадамды кіретін және шығатын осы екеуін біз қазір істеп жатырмыз. Ол дайын болғаннан кейін кірісе аламыз.  

Мұндай бастамаға нарық та сұраныс көп - дейді білікті мамандар. Екіншіден, бұл жоба көзі көрмейтін, құлағы естімейтін жандарға өте қолайлы. Бірақ, тілді түбейгейлі цифрландырудың түйткілі көп. Кадр тапшы. Оларды даярлайтын оқу орындары аз. Осы мәселелерді реттей отырып, ана тілімізді цифрлық технология әлеміне жақындатсақ бұл да тіл мәртебесін көтерудің бір тетігі, дейді қоғам белсендісі Саясат Нұрбек.

Саясат Нұрбек, «Education BTS» компаниясының бас директоры:
-Қазақ тілді кеңінен дамып келе жатқан цифрлық технологияға, іздеу технологияларына платформаларына көшіру – бұл өте маңызды міндет, себебі, күннен-күнге бүкіл ақпараттарымыз, байланыстарымыз цифрлық форматқа көшіп жатыр. Кез келген тілді сақтап қалу үшін цифрлы платформалардың тіліне айналдыру керек.  

Сөзтану жүйесін қолдану үшін мына сайтқа кіріп, тиісті нұсқаулықты орындау қажет. Жобаны смартфоныңызға қосымша ретінде көшіретін күн де алыс емес. ІТ мамандар келер жылдың ақпан айына дейін жоба жұмысын аяқтаймыз деп отыр.

Раушан Сайлауқызы, Фариза Мұсақызы


Ғалым қазақ тілді жүйе технология

Хабарламаларға жазылу