Мемлекеттік бағдарламамен салынған үйдің кәрізі бітеліп, лас су аулаға аққан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік бағдарламамен салынған үйдің кәрізі бітеліп, лас су аулаға аққан

10.11.2020

Қостанайда мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйдің кәріз құдығы бітеліп, лас су ауланы басқан. Енді бір үйде үйде лифт жұмыс істемейді. Төбесінен тамшы ағып, жертөлесіне су толған. Жалпы биыл мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің сапасыздығы жайлы құрылыс бөліміне 148 шағым түсіпті. Жаңа қоныстың жайсыздығынан жапа шеккендердің жанайқайын Дәуренбек Әбдібек жеткізеді. 

Былтыр желтоқсанда ғана жаңа үйге кірген тұрғындардың әбден берекесі қашқан. Ауланы басқан лас су қолқаны қабады. Жаңа үйдің кәріз жүйесін күтіп ұстауы тиіс мекеме әлі белгіленбеген. Сондықтан оны тазалап жатқан ешкім жоқ. Екіншіден құбырлары тар. Ол аздай құрылысшылар құдықтың ішін қоқысқа толтырып кеткен. 

Қамажай Қасенова, қала тұрғыны:  
-Іші толған құрылыс материалдары. Цемент лайы, кірпіш, ұсақ тас. Үш-төрт рет су шықты жоғарыға. Ауланы түгел басып кетті. Басып жүрдік. Балалар ойнап жүрді. 

 Ал, мына тоғыз қабатты үйге де тұрғындар былтыр жыл соңында қоныстанған. Содан бері лифт істемейді. Кәрі жас жоғарғы қабатқа жаяу көтерілуге мәжбүр. 

Марфуға Жұмабаева, қала тұрғыны:
-9 -шы этаждағы көршім 80 жаста. Ол кісі былтыр кіргеннен шыққан жоқ үйінен. Анда-санда сүйемелдеумен шақырған жерге шығады. 

Жаңбыр жауса жертөлеге су толады – дейді тұрғындар. Одан қалды кейбір пәтерлердің төбесі мен терезе жақтауларынан тамшы ағады. Есіктің дәл алдына қойылған қоқыс жәшіктері көріністі құртып қана қоймай, тазалыққа да нұқсан келтіріп тұр. 

Нағима Рахалиева, қала тұрғыны: 
-Неше түрлі қаңғып жүрген адамдар дәретке отырады, соны қарап отырамыз. Төменде су бар. Соның кесірінен подъезде сары маса толып кетті. Тышқан жүгіріп жүр. Енді жетпегені сол...

Қалалық құрлыс бөліміндегілер бұл үйдің лифтісінде әуел баста ақау болғанын айтады. Оны жөндету үшін Ресейдің Екатеринбург қаласындағы зауытқа тапсырыс беріліпті. Алайда пандемия басталып, қажетті құрылғыны жеткізу уақыты созылып кеткен. Оны жуырда ғана алдырып орнатыпты.

Тамара Данильчук, қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары: 
-Қазіргі уақытта лифтінің дайын екендігі туралы, техникалық байқаудан өткені туралы актілерге қол қойылды. Енді оны іске қосу туралы акті жасау үшін құжаттар тұрғынүй қатынастары бөліміне жіберілді. Бір апта ішінде олар тексеруден өткізуі тиіс. 

Ал құрылыстың сапасыздығы анықталса мердігер оны 15 күн ішінде жөндеуге міндеттеледі. Ол талап орындалмаса тапсырыс беруші сотқа жүгінеді. Сондай-ақ құрылыс бөліміндегілер 47-ші үйдің кәріз жүйесін желтоқсанға дейін тиісті мекеменің балансына өткіземіз деп отыр. Алайда әкімдіктің, коммуналдық қызметпен толық қамтылмаған үйді бір жыл бұрын қалай пайдалануға бергені беймәлім.   

Дәуренбек Әбдібек



Мемлекеттік бағдарлама үй

Хабарламаларға жазылу