АҚШ сайлауға 14 млн доллар шығындаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ сайлауға 14 млн доллар шығындаған

08.11.2020

Сонымен АҚШ–та кімнің президент болатыны анықталды.

Біздің уақытпен сәрсенбіден бері 4 тәулікке жуық Құрама штаттар ғана емес, әлем деуге болатын шығар «қайсысы?» деп, қайта-қайта жаңалықтарды парақтады. Телеграм әлеуметтік желісінде мынадай саяси сарказмға толы уытты әзіл оқыдық: 

«АҚШ тезірек жаңа президентін сайласа екен. Әйтпесе Саратовтағы еңбекке жарамды азаматтардың 90 проценті аймақтан кетуді ойлап жүр, Обаманың кезінде өзгеріс байқамады, Трамп көмектескен жоқ, ендігі үміт Байденде. Немесе Дональд екінші мерзімінде Саратовқа назар аударар. Нақты іспен айналысар. Өйтпесе елдің негізгі қалаларының бірін жоғалтамыз».

Сайланған президент ретінде Джо Байден Делавэр штатының астанасы Уилмингтонда сөйледі, ол 1972 жылы 30 жасында дәл осы штаттан сенатор болып сайланған еді. Дегенмен сахнаға алдымен болашақ вице-президент Камала Харрис көтерілді. АҚШ тарихында бұл қызметті атқаратын бірінші әйел. Ол 1964 жылы Үндістаннан шыққан Шамала Гопалан мен Ямайкадан келген иммигрант Дональд Харристің отбасында дүниеге келген. Әкесі мен шешесі тең құқықтарды талап ететін белсенділердің қатарында болған. Кейін ажырасып кеткен. Камаланың өзі әуелі саясаттану мен экономика бойынша білім алып, кейін құқықтану бойынша диссертация қорғаған. Қара нәсілді вице-президент сайлаушыларға «Сіздер ел демократиясының тұтастығын қорғап қалдыңыздар, сайлауға рекордтық деңгейде қатысқандарыңыз үшін рахмет» деді.  

Сөйтіп Байденнің тұлғасын «ол рухты көтеруші, ол біріктіруші, ол бізге өз жұлдызымызды табуға көмектеседі» деп сипаттай келе, «Джоның өзі Обамаға қандай вице-президент болса, мен де сондай вице-президент» боламын деді. Д. Байден Барак Обаманың 8 жыл вице-президенті болғаны мәлім. Ол өзі сөйлегенінде үміткері жеңіліс тапқандарға қарап, «Трампқа дауыс бергендердің көңілі қалғанын түсінемін, бірақ олар бізге жау емес, олар - америкалықтар» деген.   

Ол бірінші кезекте коронавируска байланысты асқынған жағдайды бақылауға алуға тырысатынын айтқан. 2021 жылдың 20 қаңтарынан бастап – Байден қызметіне ресми түрде сол кезде кіріседі, оқымыстылар мен сарапшылардан құрылған топ іргелі ғылымға негізделген жоспарды іске асырып бастайтынын хабарлады. Жалпы ол коронавируспен күрестен өзге экономика, климат мәселелеріне және нәсілшілдікпен күреске басымдық беретінін айтты.

Біздің арнаның тілшісі, Бостон университетінде білім алып жүрген Әлия Әшім өзінің көрген-түйгендерімен бөліскен, тыңдайық.

Енді сайлау нәтижесінің бізге қатысы қандай дегенге келсек, сөз алып жатқан сарапшылар Джо Байденнің билікке келуі АҚШ пен Ресей арасындағы геосаяси күресті күшейтетінін айтады. Сарапшылар сондай-ақ, Джо Байден Қытаймен арада жаңа диалог орнатып, Трамптың тұсындағы «сауда соғысын» тоқтатуы мүмкін екен деп топшылайды. Ал Мәскеуге жаңа санкциялар салады. Саяси шиеленістің салқыны Қазақстанды айналып өтпейтіні белгілі. Ресейдің негізгі сауда серіктесіміз екенін ескерсек, рубльдің құнсыздануы теңгенің әлсіреуіне әкелуі мүмкін.

АҚШ-тың сайланған 46 президентін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев твиттердегі парағында құттықтады:  

«Джо Байден мырзаны Америка Құрама Штаттарының Президенті болып сайлануымен шын жүректен құттықтаймын. Екі ел арасындағы өзара мүдделі салаларда жемісті ынтымақтастықты күтеміз».

Байденді Тұңғыш Президент Н.Назарбаев та құттықтап, жеделхат жолдаған. Елбасы.кз сайтында жарияланған ақпаратта:

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті 2010 жылы Вашингтонда Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аясында өткен кездесуді, сондай-ақ олардың арасындағы телефон арқылы болған келіссөздерді жылы сезіммен еске алатынын атап өтті. Елбасы Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестік әрі қарай да екі елдің игілігі жолында нығая беретініне сенім білдірді» деп, Н.Назарбаевтың Джозеф Байденге мемлекеттік қызметте табыс тілегенін жазған.

Соңғы штрих - Сайлауда Байденнің жеңгенін президент Д.Трамп гольф ойнап жүріп естіген, деп хабарлайды BBC. Қарсыласының қажетті 270-тен аса дауыс жинағаны белгілі болған соң, Трамп Ақ үйге оралған. Мына фотода «сен жеңілдің, ал біз жеңдік» деген Байден жақтастарының ортасынан өтіп бара жатқан кортежі бейнеленген.


сайлау АҚШ Джо Байден

Хабарламаларға жазылу