Елордалықтарға автотұраққа төлеген ақшалары қайтарылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордалықтарға автотұраққа төлеген ақшалары қайтарылады

05.11.2020
Елордалықтарға автотұраққа төлеген ақшалары қайтарылады

Елорда тұрғындары үшін «Нұржол» бульварынан басқа, қалалық көше мен жол желісі бойында орнатылған «Парковочное пространство Астаны» ЖШС-нің автотұрақтары үшін төлем жасаудың қажеті жоқ. Қаражатты қайтару туралы кейінірек хабарланады. Бұл туралы көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бөлім басшысы м.а. Марат Есеркепов мәлімдеді, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

«Сіздерге «Парковочное пространство Астаны» ұйымының паркоматтары жұмыс істемеуі керек екенін хабарлаймыз. Олар ресми рұқсат алмаған. Азаматтарға Нұржол бульварын қоспағанда, бұл орындарға ақы төлеудің қажеті жоқ.
Паркоматтарды пайдалануға рұқсат алынбағандықтан, қалалық бюджетке қаражат түспеген, ал іс жүзінде адамдар серіктестіктің рұқсат етілмеген паркоматтарына ақша төлеген кезде, ақша серіктестіктің өзіне аударылған», - деп түсіндірді Марат Есеркепов.

Көлік басқармасы Мемлекеттік кірістер департаментіне «Парковочное пространство Астаны» ЖШС-не қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылдау мақсатында хат жолдады.

«Қазіргі уақытта біз мемлекеттік кірістер департаментінің шешімін күтіп отырмыз, жауап алғаннан кейін төлем қарастырылмаған тұрақ орындары үшін алынған қаражатты қайтару механизмі туралы қосымша ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады», - деп түсіндірді спикер.

Еске салайық, Нұр-Сұлтан әкімдігі келісімшарттық міндеттемелерді орындамағаны және талаптарды елемегені үшін сотқа «Парковочное пространство Астаны» ЖШС-мен келісімшартты бұзу туралы арыз берген. Жабдықты бөлшектеу қажеттілігі туралы серіктестікке бірнеше рет хабарлама жіберілді, өтініштер еленбеді.

«Парковочное пространство Астаны» ЖШС-нің бірнеше бұзушылықтары мен тұрғындардың шағымдарына байланысты елорда әкімдігі жобаны кеңейтуді тоқтата тұру туралы шешім шығарып, келісімшартты бұзу туралы сотқа арыз берді.

нұр-Сұлтан автотұрақ ақылы автотұрақ

Хабарламаларға жазылу