Басты Жаңалықтар Атырауда мектеп құрылысы тоқтап қалды

Атырауда мектеп құрылысы тоқтап қалды

Атырауда 300 балаға арналған мектеп-интернаттың құрылысы басталмай жатып, тұралап қалды. Нысан жоспар бойынша биыл пайдалануға берілуі тиіс еді.  

Мектеп салынады дегенде бөркін аспанға атқан ел-жұрттың қуанышы арада 1 жыл өткенде су сепкендей басылды. Өйткені, оқу ордасының құрылысы тоқтап қалған. Балаларын қала мен көрші ауылға апарып оқытатын тұрғындар ғимараттың уақытында тапсырылмағынына өкпелі.

Салтанат Нұриденова, тұрғын:  
- Біздің балаларымыздың бәрі қаладан барып оқиды. Кешкісін қорқамыз жетуі қиын. Таксиі бар.  
Ануар Жаманқұлов, тұрғын:  
-Неге мектептің құрылысынан бюджеттің қаржысын алып отыр. Біздің келіспейтініміз осы. 

Бүгінге дейін бөлінген 2 млрд теңгенің бар болғаны 5-ақ пайызы игерілген.   

Жандос Темірғали, тілші:  
-Құрылысы басталмай жатып тұралап қалған мектептің бүгінгі сиқы осындай. Қабырасы түгіл, іргетасы да жөндеп қаланбаған. Құрылыс алаңында бір трактордан басқа қыбырлаған жан жоқ. 

Облыстық бюджеттегі қаржы тапшылығы – құрылыстың жүруіне тұсау салып тұр. Індет өршіген тұста, мектепке бөлінген ақша маңызды шаруаларға жұмсалған. Әкімдіктегілер олқылықты тез арада жөндейміз деп отыр.  

Нұрлыбек Сақпаров, облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы:   
-Жылдың аяғына дейін қалған екі айдың ішінде қаржыландыру мәселесі шешіледі. Алдымыздағы жылдың ақпан-наурыз айларында құрылыс-монтаждау жұмыстары қайтадан жанданады деп күтудеміз. 

Өңірде індет кесірінен құрылысы тұралап қалған 10-ға жуық әлеуметтік нысан бар. Олардың да мәселесі келер жылдың алғашқы тоқсанында шешілмек. Әзірге, білім ордасына мұқтаж Жаңаталаптықтардың көңіліне тек мектеп іргетасы медеу болып тұр.

Жандос Темірғали


Бөлісу