Ұлттық банк «Jeti Qazyna» монеталарын шығарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық банк «Jeti Qazyna» монеталарын шығарды

05.11.2020

Қазақстан Ұлттық банкі «Дала қазынасы» сериясымен 100 теңгелік «Jeti Qazyna» монеталарын айналымға шығарады. Бұл ақша екінші деңгейдегі банктер арқылы енгізіледі. Кейін қолданыстағы өзге монеталармен бірге қолма-қол ақша түрінде пайдаланылады. Еліміздің бас банкі сонымен қатар алтын мен күмістен жасалған коллекциялық монеталарды да шығарды.  

100 теңгелік биколорлы айналыстағы монеталар 7 түрде дайындалған. Олар - «ER JIGIT», «SULÝ ÁIEL», «QUMAI TAZY», «AQYL BILIM», «BEREN MYLTYQ», «JÚIRIK AT» және «QYRAN BÚRKIT».  

Монеталардың салмағы, диаметрі, қалыңдығы, металл қорытпасы өзгеріссіз қалды. Техникалық сипаттамасы жағынан олар басқа айналыстағы номиналы 100 теңгелік монеталармен бірдей. Әр түрінен 500 000 дана дайындалды, жалпы таралымы – 3,5 млн дана. 

Айжан Машеева, ҚР ҰБ қолма-қол ақша айналысы департаментінің бас маманы: 
Монеталар заңды түрде төлем құралы болып есептеледі және төлемдердің барлық түрі бойынша қабылданады. «Jeti Qazyna» монеталарын қабылдау үшін төлем терминалдары мен басқа да кассалық техниканы қосымша қайта теңшеу талап етілмейді.  

Ұлттық банк бұдан өзге алтын мен күмістен дайындалған 500 теңгелік және күмістен әзірленген 5000 теңгелік коллекциялық монеталарды шығарды. Олар кәдесыйлық орамда сақталады. Сондай-ақ, мельхиор және нибрасс/нейзильбер қоспасынан номиналы 100 және 200 теңгелік сувенир монеталар ұсынылады.

Айжан Машеева, ҚР ҰБ қолма-қол ақша айналысы департаментінің бас маманы: 
Жеті саны халқымыз үшін қасиетті саналады. Жеті қазына – ырыс пен берекенің бастауы. Бағалы металдардан жасалған және блистерлік жиынтықтардағы коллекциялық монеталарды сату күнін қосымша хабарлаймыз. Ақпарат Ұлттық банктің ресми сайтында жарияланады.  

Бұл коллекциялық монеталарды Ұлттық банктің барлық аумақтық филиалдарынан, сондай-ақ бас банктің интернет-дүкені арқылы сатып алуға болады. Олар белгіленген құнымен қабылдануға, банк шоттарына есепке жазылуға және аударылуға міндетті.

Дарын Сағитов  


Ұлттық банк Jeti Qazyna монета

Хабарламаларға жазылу