Отандық фильм «Алтын глобус» жүлдесіне үміткерлер тізіміне енді

04.11.2020

Ашаршылық құрбандары тақырыбын арқау еткен «Ұлы дала зары» көркем фильмі «Алтын глобус» сыйлығы бойынша «Шет тіліндегі үздік фильм» категориясының тізіміне енді. Қазақ халқының басынан өткен қасіретті баяндайтын туынды көрерменге онлайн форматта көрсетіліп жатыр. Ал отандық кинокомпания аталған фильмді жарыққа шығаруға 5 жылға жуық уақыт жұмсаған. 

Кинотуынды шынайы оқиғалар негізінде түсірілді. Тұтас ұлттың қайғы-қасіреті ауыр эпизодтар арқылы шебер бейнеленген. 

Ернар Мәліков, кинокомпанияның бас продюсері:
Фильм өте ауыр. Бірақ бұл ауырлықты біз экраннан ғана көреміз. Ал біздің ата-бабаларымыз бұл зобалаңды бастан кешірді.

Кинокомпанияның бас продюсері фильмді түсіру үшін дүние-мүлкінің біразын сатуға тура келген. Қарапайым адамдардан да қаржы жиналған. Сондықтан продюсер «Ұлы дала зарын» халық фильмі ретінде есептейміз дейді.

Ернар Мәліков, кинокомпанияның бас продюсері:
Краудфайдинг компаниясының көмегімен халықтан 500 мыңдай теңге ақша жиналды. Материалдық тұрғыда, рухани тұрғыда халықтың көмегі орасан зор деп ойлаймын. 

Қиын-қыстау заман қаз-қалпында көрсетілуі үшін түсірілім қыстың қаһарлы кезінде Алматы облысының Ақсу ауданында өткен. Ақтүтек боран мен ызғарлы аязда жұмыс істеу түсірілім тобына оңайға түскен жоқ.

Саяжан Құлымбетова, актриса:
Таңғы 5:00-де алып кететін. Күнде таңғы 5:00-ден кешкі сағат 23:00-де қайтатынбыз. Суық. Аяз. Соған қарамастан жұмыс істедік.

«Ұлы дала зарының» премьерасы Азиялық дүниежүзілік кинофестивальде көрсетіледі. Көрерменнің туындыны онлайн тамашалауына да мүмкіндігі бар. Қаралымнан түскен қаржы отандық фильмнің шетелге таралуына жұмсалмақ.

Нұрхан Нұрланұлы

кино

Хабарламаларға жазылу