400-ге жуық сотталушы жазасын жұмыс істеп өтеп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

400-ге жуық сотталушы жазасын жұмыс істеп өтеп жатыр

03.11.2020

Елордадағы 400-ге жуық сотталушы жазасын жұмыс істеп өтеп жатыр. Яғни, түрмеге қамалған жоқ. Бас бостандығынан айырмаудың бұл әдісі оң нәтиже көрсетіп отыр - дейді мамандар. Айыптылардың басым бөлігі көлікті мас күйінде жүргізген. Есірткі тұтынған. Ұрлық пен бұзақылық жасағандар. Қылмыстық істің деңгейіне қарай, олар 20-дан 200 сағатқа дейін қара жұмыс істеулері тиіс.  

Бұл азаматтар жүздерін жасырғанмен, қылмысын жасыра алмайды. Айыбын өтеудің амалы осы. Көпшілік алдына шығып, көше тазалауы тиіс. Есесіне, түрмеде отырмайды. Бірақ, мұндай жеңілдік сотталушылардың бәріне ортақ емес. Жеңіл жаза алғандарға ғана арналған. Мысалы, есірткі сақтап ұсталған Мерей Абдулин 23 сағат жұмыс істеп, жазасын өтейді.  

Мерей Абдуллин, жазасын өтеуші:  
-Қазіргі уақытта өз кінәмді толық түсіндім. Сот тағайындаған 23 сағатымды істеп жатырмын. Өз ісіме өкінемін. Біздің қаламызды көркейтуге біздің жұмыс пайдалы деп санаймын.  

Бұл жаза түрі елімізде бұрыннан бар. Яғни айыптының кінәсі дәлелденсе, сот шешімімен жұмысқа жегіледі. Елорда аумағында екі жарым мыңға жуық сотталушы жазасын өтесе, солардың 400-і түрмеге қамалмаған. Оның орнына сотталушылар көше сыпырады. Көгалдандыру жұмысына қатысады. Қыста қар тазалайды. Ал жұмыс істейтіндер күніне 4 сағат, жұмысы жоқтар 8 сағат көше сыпыруы тиіс.

Ернат Ақылжанов, Нұр-Сұлтан қаласы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы: 
-Бас бостандығынан айыру орындарынан гөрі, Үкіметтің қаражатын пайдаланғаннан гөрі осындай жаза түрлері болған дұрыс. Туған туыстары, көрші қолаңдары, көшеде жүрген азаматтар осыларды көріп қылмысқа бармайды деп ойлаймын.  

Осындай жеңілдіктен де жалтаратындар жоқ емес. Жыл басынан бері 4 сотталушы тәртіпке бағынбаған. Енді олар осы әрекеттінің кесірінен жазасын абақтыда өтейді. Айтпақшы, жазаның мұндай түрі кей шенеуніктерге де тағайындалыпты.

Раушан Сайлауқызы 


сотталушы ЖАЗА

Хабарламаларға жазылу