Өңірлерде тығылып той өткізгендер әшкереленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өңірлерде тығылып той өткізгендер әшкереленді

02.11.2020

Өңірлерде кәсіпкерлер карантин талаптарына мойынсұнбауда. Індет ушығып бара жатса да, думандатып той жасағандар тыйылар емес. Тіпті , мейрамханалардың иелері тексеруге келген мониторингтік топты ішке кіргізбей, түрлі айлаға көшеді. Бұлай кете берсе, елдегі ахуал қиындайды деп ескертеді мамандар.     

БҚО-да той тойлайтындар азайды бірақ, түпкілікті тоқтамай тұр. Мәселен, Орал қаласында осы демалыста 6 той анықталды. Өткен аптада бұдан екі есе көп болатын.

Марс Кенжеғұлов, Орал қаласының тұрғыны:  
-Балам үйленіп жатыр. Жасыратыны жоқ 50 адам шақырдым. 

Індет кезінде жүздеген адамның өмірін қатерге тіккен мейрамхана иесі мен той иелері жауапкершіліктен құтыла алмайды.

Ал, Көкшетауда, мейрамханалардың бірінде той болып жатыр деген ақпарат түскен. Бақылау тобы дереу жеткенімен, жабық қақпадан әрі өте алмады. Мамандар түнге дейін күтіп, ақыр соңында той тарқаған соң мейрамхана аумағынан шығып жатқан көліктерді ұстады. Карантин талабын бұзғандарға қатысты хаттама толтырылды.

Ақтауда да кәсіпкерлер карантин тәртібіне бағынар емес. Сенбі күні мониториг топ жасырын жұмыс істеп тұрған 3 дәмхананы анықтап, жұртты таратып жіберді.

Қостанай облысында мейрамханаларға тексеріс күшейген соң жұрт коттедждерде той өткізуге көшкен. Мұндай отбасылық мерекелерді ұйымдастырған тұрғындарға әкімшілік шара қолданылады. Сондай-ақ, мамандар белгіленген уақыттан артық жұмыс істеген бірнеше дәмхананың жұмысын тоқтатты.


той карантин

Хабарламаларға жазылу