Қызылорда облысына биыл 230 млрд теңге инвестиция тартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысына биыл 230 млрд теңге инвестиция тартылды

30.10.2020

Қызылорда облысында жыл басынан бері 10 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды. Аймақтың әлеуетін арттыруға тартылған инвестиция көлемі биыл 230 миллиард теңгеге жуық. Карантиндік шектеулерге қарамастан өңірде құрылыс қарқынды. 

Биыл қалада әсіресе, жол мәселесіне айырықша көңіл бөлініп 200-ден аса көшеге асфальт төселуде. Осы кезге дейін жол азабын тартып келген шет аумақтағы тұрғындардың талап-тілегі орындалуда. Мұнан бөлек Тәуелсіздік даңғылы ұзартылып шаһардың арғы басы мен бергі басын жалғайтын жоба жүзеге асырылуда.   

Елмұрат Рахматуллаев, қала әкімінің орынбасары:
-Сырдария өзенінің жағалауында бөгетті нығайту жұмыстары атқарылып жатыр. Жол құрылысы аяқталған кезде автобус аялдамалары, автотұрақтар, жая жүргінші жолдар мен велосипед жолы салынып жарықтандырылатын болады. 

Кешегі індет өршіген тұста біраз сала тұраласа да, аймақта құрылыс бәсеңдеген жоқ. Сұлу Сырдың сол жағалауында осы кезге дейін 48 баспана ел игілігіне берілсе, жаңа шаһардан биыл тағы 16 көпқабатты тұрғын үй бой көтеруде. Жұмыссыз қалған азаматтардың дені осы құрылыс саласында тұрақты еңбек етіп жатыр.

Мұрат Әлімбетов, тас қалаушы: 
-Құрылыста еңбек еткен адам жалақысын уақытылы алады. Жалақысы 200-ден төмен жоқ. 300-ден алып жатыр. Уақытылы беріледі.

Елдің әлеуетін арттыруда ауыл шаруашылығы саласының үлесі зор. Сыр диқандары жаздағы су тапшылығына қарамастан алтын күзге жақсы жетістігімен жетті. Биыл ауыл еңбеккерлері 551 мың тонна күрішті қамбаға құйып, ел ырысын тасытты. 

Әділбек Серікұлы

Қызылорда облысы инвестиция

Хабарламаларға жазылу