Тоқаев тәртіп сақшыларының айлығын 30 пайызға көтеруді тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тоқаев тәртіп сақшыларының айлығын 30 пайызға көтеруді тапсырды

29.10.2020

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қоғам мен мемлекетке қауіпті емес қылмыс жасағандар уақытынан бұрын бостандыққа шығады. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылы жазасын өтеушілерге рақымшылық жасалатынын мәлімдеді. Полицейлер үшін де жағымды жаңалықтар жетерлік. Үш жылдың ішінде тәртіп сақшыларының еңбек ақысы 30 пайызға артады, әлеуметтік жеңілдіктер көбейеді. Әрі ішкі істер саласын таяу уақытта күрделі өзгерістер күтіп тұр. 

Мемлекет басшысы жиынға дейін полицейлердің заманауи техникалары мен қалалық жедел басқару орталығының қызметімен танысты. Президентке тәртіп сақшыларының жаңа киім үлгісі таныстырылды.

Пандемия кезінде дәрігерлермен қатар салмақ күштік құрылымдарға да түсті. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін сақшылар күн-түн демей қызмет етті. Қасым-Жомарт Тоқаев сол еңбектері үшін сала қызметкерлеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ биыл Сәтбаев пен Қордайда болған оқиғалардан сабақ алу қажеттігін қадап айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Бейбіт күнде халқымыздың амандығын, береке-бірлігін сақтай алмасақ, мемлекетімізге сын. Ұлтаралық келісім мен татулық, қоғамдағы тұрақтылық – біздің басты құндылықтарымыз. Халықтың көңілі алаңсыз, ұйқысы тыныш болуы керек. Полиция тәртіп сақшысы екенін сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдей білуге тиіс.

Полицей халықпен қашанда тығыз қарым-қатынаста болуы қажет. Бұл әсіресе учаскелік инспекторларға қатысты. Олар бұқарамен ашық сөйлесіп, жұрт сеніміне ие болуы керек. Сондай-ақ құзырлы мекемені басы артық жұмыстардан босату шаралары жалғаса түседі. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Қазір полиция тікелей өз міндеттеріне жатпайтын жұмыстармен айналысатын уақыт емес. Бұл бағытта алғашқы қадам жасалды. ІІМ-нің құрамынан төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет бөлінді. Ішкі істер органдары құрылымдарын одан әрі оңтайландыру жұмыстары Құқық қорғау және сот жүйесін реформалау жөніндегі комиссияның шеңберінде жүзеге асырылатын болады. Бірақ бұл полицияның қызметін әлсірету деген сөз емес. ІІМ және оның құрылымдық бөлімшелері тәртіпті қамтамасыз етуде мемлекеттің негізгі тірек күші болған және солай бола береді. 

Полицияның әр әрекеті қоғам арасында тұтас мемлекеттік билік туралы түсінік қалыптастырады. Сол себепті Президент құзырлы мекемедегі кадр мәселесіне баса мән беру керектігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Полицияда дөрекілік пен біліксіздікке жол берілмеуі керек. Мұнда жоғары дайындықпен келген және өз ісіне шынайы берілген мамандар жұмыс істеуі қажет. Мемлекет пен қоғам оңтайлы өзгерістерді күтіп отыр. Тәртіп сақшылары азаматтарға үлгі болуға тиіс.

Полицейлердің жалақысы аз. Көйлегі көк, көңілі тоқ болмаса, қоғамдық тәртіпті мүлтіксіз қадағалау қиын. Сыбайластықтың қылаң беретін тұсы да осы. Президент алдағы 3 жылда тәртіп сақшыларының айлығын 30 пайызға көтеруді тапсырды. Ал баспана жалдауға өтемақы ретінде 15 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінетінін жеткізді. Бұл қамқорлықты 8 мың сақшы көреді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Қазіргі жағдайда дәрігерлермен қатар майданның алғы шебінде полиция қызметкерлері де жүр. Өйткені азаматтардың қауіпсіздігі ғана емес, олардың денсаулығы мен берекелі өмірі сіздердің жұмыстарыңызға тікелей байланысты. Сондықтан бүгінгідей күрделі жағдайда мемлекет індетке қарсы тұрғандардың барлығын қолдайды. Менің тапсырмам бойынша пандемияның бірінші кезеңінде карантин шараларын қамтамасыз етуге қатысқан ішкі істер органдарының қызметкерлеріне сыйақы төлеуге 6,6 миллиард теңге бөлінді. Жыл соңына дейін тағы да 11,5 миллиард теңге беріледі.

Жаһандану заманында ішкі істер саласы цифрлық технологиялардан қалыс қалмауы керек. Әйтпесе киберқылмыс көбейіп келе жатқан уақытта олардың ізіне түсу қиынға соғады. Сол үшін де министрлікте цифрлы даму жөніндегі арнайы орынбасар да тағайындалған. Президент бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жүргізіп, ширатуға тапсырма берді. 

Шерхан Жамбылұлы


Президент тәртіп сақшылары айлық

Хабарламаларға жазылу