Мектеп жоқ, биік үй бар. Депутат ірі қалалардағы құрылыстың қателігін атады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мектеп жоқ, биік үй бар. Депутат ірі қалалардағы құрылыстың қателігін атады

28.10.2020
Мектеп жоқ, биік үй бар. Депутат ірі қалалардағы құрылыстың қателігін атады

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Ирина Смирнова «Халық коммунистері» фракциясы атынан Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады. Онда елімізде әлеуметтік нысандар мен мектептердің жетіспеуіне қарамастан көп пәтерлі үйлердің бой көтеруі айтылған. 

«Бір ғана мысал келтірейік, елорданың сол жағалауындағы тығыз салынған құрылыс төңірегіндегі ахуал. Тұрғындар жиналыстарының бірінде әлеуметтік нысандар мен мектеп орындарының жетіспеушілігіне қарамастан, қала әкімі № 59 мектепте жүктемесі көп болуына қарамастан, оның жанынан 24 қабатқа дейінгі 18 ғимараттың құрылысын жүргізуге рұқсат еткен. Қаланың бас жоспарында 17 қабаттан жоғары ғимараттардың құрылысына шектеу бар екендігін айта кеткен жөн. Мемлекеттік шешімдер қабылдауда ашықтықтың жоқтығынан негізгі қағидалар сақталмай отыр», - дейді депутат.

Сонымен қатар Ирина Смирнова қала құрылысы кеңесінің шешімдері азаматтар үшін қол жетімді емес екендігін жеткізді. Ол заң бойынша әкімдіктің сайтында жариялануы тиіс дейді. 

Тағы бір көтерілген мәселе Нұр-Сұлтан қаласындағы өз еркімен жүргізілген құрылыстар. 

«Олар көп пәтерлі үйлердің жобалық қасбетін бұрмалап қана қоймай, пәтер иелерінің құқықтарын бұзып, рұқсатсыз құрылыс жүргізеді»,- дейді Смирнова.

Осы проблемаларды айта келе депутат сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнаманың сақталуына тексеру жүргізуді талап етті. Жәнеде оның нәтижелерінің ашықтығын қамтамасыз етуді, жұмыс тобын құруды сұрады. Әкімдік қызметінің барлық материалдарын ресми сайтқа орналастыруды міндеттеуді қадап айтты.

депутаттық сауал Ирина Смирнова ірі қала құрылыс Мәжілістің жалпы отырысы Халық коммунистері фракция

Хабарламаларға жазылу