10-қаңтарда өтетін сайлаудың ерекшеліктері қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

10-қаңтарда өтетін сайлаудың ерекшеліктері қандай?

25.10.2020

Сонымен 2021 жылы 10-қаңтарда өтетін Мәжіліс сайлауы соңғы 16 жылда бірінші рет мерзімінен бұрын емес, ағымдағы шақырылым депутаттарының өкілеттігі аяқталғанға дейін 2 ай бұрын, конституциялық мерзімінде өтеді. Енді алдағы сайлаудың ерекшеліктерін баяндайық: 

Мәжіліс депутаттарын сайлау 2021 жылы 10 қаңтарда, ал Қазақстан халқы ассамблеясының атынан депутаттарды сайлау 11 қаңтарда өтуі тиіс. Коронавирус пандемиясы аясында, сайлау туралы заңға енгізілген өзгерістер бойынша өтетін саяси додада Мәжілістегі 107 депутаттың 98-і партиялық тізімдерге сәйкес, 9 депутат ассамблея атынан сайланады. Айта кететіні, Мәжіліс сайлауы күні мәслихаттардың депутаттарын сайлау да бірге өтеді.

Қазір Мәжілісте 3 партияның өкілдері бар: «Nur Otan» (84 депутат), «Халық коммунистері» (7 депутат) және «Ақ жол» (7 депутат) .

Ал тіркелген партиялар саны алтау:

1. «Nur Otan»;

2. «Ақ жол»;

3. «Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы»;

4. «Ауыл»;

5. «Бiрлік»;

6. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия;

Кімнің кандидат бола алмайтынына бір мысал: Соттылығы жойылмаған, сонымен бірге коррупциялық қылмыспен сотталған адам депутаттықтан үміткер бола алмайды.

Осы аптада Президент сайлау өткізу туралы Жарлыққа қол қойғасын, қазақстандықтарға үндеу жасаған – онда сайлаудың осылай, жаңаша сипатта өтетінін баяндады. Біріншіден, парламенттік оппозиция институты енгізіледі. Мысалы, Мәжілістегі тұрақты комитеттердің бірінің төрағасы, екеуінің хатшысы оппозиция депутаты болуы тиіс. Парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кем дегенде бір рет парламенттік тыңдау өткізуге бастама көтеріп, жоқ дегенде екі үкіметтік сағаттың тақырыбын бекіте алады.

Екіншіден, тұңғыш рет әйелдер мен жастарға 30 проценттік квота енгізілді. Мысалы, қазір еліміз бойынша 3 мыңнан астам мәслихат депутатының 60-ы ғана жастар. Үшіншіден, 10 қаңтарда мәслихаттарға да сайлау өтеді және олар алғаш рет партиялық тізім бойынша жасақталады. «Бұл партиялардың өз позицияларын елдің саяси жүйесінде нығайтуға қосымша мүмкіндік береді», деді Қ.Тоқаев.

Сарапшылардың пікірлерін оқып отырсақ, болашақ депутаттардың орташа жасы айтарлықтай жасарады деп есептейтіндерден бастап, экономикалық дағдарыс пен пандемия кезінде конструктивті жұмыс істейтін Парламент керек, демократия маңызды құрал, алайда елдің тұтастығы одан да құнды, одан да маңызды деген сияқты, екінші жағынан: «интрига – бәсекені білдіреді, ал тіркелген партиялар арасында бәсекенің иісі де сезілмейді» деген пікірлер бар.

Жайна Сламбек



сайлау

Хабарламаларға жазылу