Елімізде мүгедектердің кедергісіз баспана алуына жағдай жасалмаған. Жеңіл ипотекамен тұрғын үй алуға арналған 3 бағдарлама да қайта қарауды талап етеді.
Арбаға таңылғанына 14 жыл болған Дастан Раушанбеков үй кезегіне әлі іліне алмай келеді. Бірнеше рет өтініш беріп, құжатын тапсырған. Алайда, табыс көзін растай алмағандықтан тегін баспана бұйырмай тұр.
Дастан Раушанбеков, Біріккен мүгедектер орталығының мүшесі:-Сіздің жинаған зейнетақыңыз көрінбейді дейді. Ол әрине, көрінбейді. Өйткені 2006 жылдан бері Үкімет солай жасап қойған.
Бұл мәселені Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен де көтеріп, Үкіметке сауал жолдады. Депутат мыңдаған мүгедек жан жеңілдетілген ипотекалық несиеге қол жеткізе алмай, құқығы шектеліп отыр дейді.
Ләззат Сүлеймен, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:-Бұл жерде бастапқы жарнаны азайту керек немесе проценттік ставкаларды азайту керек. Яғни арнайы бағдарлама қарастыру қажет.
Бүгінде елімізде жарты миллионнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың оннан бірі мүгедектер немесе соған қатысы бар жандар. Нақты айтқанда, 1,2-топтағы мүгедектер саны - 43 мыңнан асады. Ал мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар шамамен 21 мың.
Сара Құрманғожина, ҚР ИИДМ ТҮКШ экономикалық талдау басқармасының бас маманы:-Отбасылық банк құрылады. Сондықтан ендігі жылдан бастап мына кезекте тұрған азаматтардың, әр түрлі санаттағы азаматтардың мәселесін отбасылық банк шешетін болады.
Ал, әзірге мемлекеттен баспана алуға үмітті жандардың қатары күн санап артып келеді. Жыл сайын тізім 60 мың адаммен толығып отыр. Бірақ, баспаналы болып жатқан мұқтаж жандардың саны бұдан бірнеше есе аз. Мүгедектердің базынасын жеткізген сенатордың ұсыныстары қолдау таба ма, жоқ па ол жағы көп ұзамай белгілі болмақ. Үкімет депутаттық сауалға қарашаның ортасына дейін ресми жауап беруі тиіс.
Ақниет Балтанова