Жаңақорған ауданында 1000-ға жуық мал жалынның ортасында қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңақорған ауданында 1000-ға жуық мал жалынның ортасында қалды

22.10.2020

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында егістік алқап өртеніп, 1000-ға жуық ұсақ мал жалынның ортасында қалған. Қазір Түгіскен ауылындағы асыл тұқымды қой өсіріп отырған шаруашылықтың шығыны есептеліп, тергеу амалдары жүріп жатыр. 

Әділбек Серікұлы, тілші: 
-Алапат өрттен аман қалған қойлардың қазіргі түрі мынау. Жалыннан көздері ағып, қатты күйік шалған. Қазір бұл төлдерді сойып тастамаса, мал болмайды дейді шаруалар.

От 30 гектар алқапты шарпыған. Тілсіз жаудан 263 бас ұсақ мал бірден қырылып қалыпты. Жалынның ортасынан 680-нен астам төлді құтқарғанымен, қайта бағып өсіруге келмейді. Ширек ғасырдан бері асыл тұқымды қой шаруашылығымен айналысып, төл басын мыңнан асырған ауыл кәсіпкері Мейіржан Құттыбаев егістіктегі өрт, қолдан жасалған қастандық деп отыр.     

Мейіржан Құттыбаев, мал шаруашылығының төрағасы: 
-Қасақана істеліп тұр. Заң жүзінде тиісті шара жасалсын. Тиісті органдарға шағым береміз. 

Түгіскендегі жағдайға байланысты аудан әкімдігі мен құзырлы орган өкілдерінен арнайы комиссия құрылып, оқыс оқиғаның мән-жайы жіті тексерілуде. Алдын ала есеп бойынша мал иесіне 50 миллион теңге көлемінде шығын келген. Ал кінәлілер тергеу нәтижесінен кейін белгілі болады.

Ғалымжан Сопырбеков, Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары:
-Комиссия құрылып барлық тиісті органдар жұмыс жасады. Жалпы 946 бас шығын болғанын біліп отырмыз. Құқық қорғау органдары кеше өз тергеуін бастады. Әрі қарай тиісті өзінің құқықтық бағасын беретін болады.

Бар малынан бір күнде айырылған шаруашылық иесіне әзірге ауыл тұрғындары қолдау білдіріп, күйік шалған төлдерді сатып алуда. Бірақ, бұл шығынның жартысын да өтемейді. Ата кәсіпті нәсіп еткен шаруа тергеу амалдарының әділ жүріп, шығынның толық өндірілуінен үмітті. 

Әділбек Серікұлы


Жаңақорған мал өрт

Хабарламаларға жазылу