Жылжымалы медициналық кешендерде 7 түрлі қызмет көрсетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жылжымалы медициналық кешендерде 7 түрлі қызмет көрсетіледі

22.10.2020

Енді ауыл халқы ем іздеп қалаға сабылмайды. Бүгін Солтүстік облыстағы 4 аудандық ауруханаларға жылжымалы медициналық кешендер табысталды. Олар аудан орталығынан 100-200 шақырым қашықтағы ауылдарға қызмет көрсетеді. 

Бұл жай ғана автобустар емес, құдды көшпелі емхана секілді. Ауылдағы ағайынға медициналық көмек беру үшін Үкімет пен Денсаулық сақтау және Индустрия, инфрақұрылымдық даму министрлігінің бірлескен жобасы.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
-Ауылға байланысты пандемияның кезінде көптеген сұрақтардың да туғаны белгілі. Сондықтан, Қасым-Жомарт Кемелұлы тапсырма берген. Сол тапсырмаға сәйкес қысқа уақыттың ішінде осындай арнайы қозғалмалы медициналық пунктер дайындалды.

Жылжымалы кешендер Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» зауытында құрастырылған. Заманауи құралдармен жабдықталған көліктің мүмкіндігін дәрігерлер де жоғары бағалады. 

Мобильді медициналық орталықта 7 түрлі қызмет көрсетуге болады. Мәселен, рентген және флюорография, ультрадыбыстық зерттеу аппараттары бар. Сондай-ақ, гинекологиялық тексеру, қант деңгейіне зертханалық диагностика жасау мүмкіндігі де қарастырылған.  

Айгерім Байлина, жалпы практика дәрігер: 
- Ауыл тұрғындары медицинаға қолы жете алмайды. Сондықтан, осындай жылжымалы медициналық кешеннің арқасында ауыл халқына сапалы медициналық көмек бере аламыз.
Амангелді Сейтхан, тілші:
-Қазақстанда құралған автобустардың техникалық әлеуеті де еліміздің ауа райы мен алыс аймақтағы жолдардың мүмкіндігіне сай жасалған. Одан бөлек, тағы бір ерекшелігі, көлікке мынандай жеделсаты орнатылған. Бұл баспалдақпен міне алмайтын мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарт кісілерді көтеруге арналған.

Әзірге өңірлерге жылжымалы кешеннің 24-і табысталды. Айдың соңына дейін жалпы 100 көлік жіберу көзделіп отыр. Одан бөлек, алыс аймақтарға 1000-нан астам жедел жәрдем көлігі берілмек. Осылайша, коронавирустың екінші толқыны болса, ауылдарда жағдай ушықпау үшін кешенді жұмыстар жалғасуда.

Амангелді Сейітхан

Жылжымалы медициналық кешен

Хабарламаларға жазылу