Қонаев ескерткішінің авторы мүсінді жасауға уақыт тапшы болғанын айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қонаев ескерткішінің авторы мүсінді жасауға уақыт тапшы болғанын айтты

21.10.2020

Алматы облысының Бақанас ауылында қоғам және мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа қойылған ескерткіш ел көңілінен шықпады. Көпшіліктің пікірінше, мүсінші ұлт қайраткерінің болмысын ашып көрсете алмаған. Заңғар тұлғаның туған жерінде тас мүсіннің тұғырға қойылған сәті де әлеуметтік желіде қызу талқылануда.  

Салмағы 14 тонна тас мүсін тұғырына қонбай-ақ елдің сынына ұшырады. Пропорциялары сақталмаған, түр-тұрпаты келіспеген сынды пікірлер айтылуда. Дінмұхамед Ахметұлының жақындарының да ескерткішке көңілі толмады.

Бірден айту керек. Ескерткішке бюджеттен қаржы бөлінген жоқ. Ауызбірлік танытқан халықтың ықыласы. Алайда қоғамдық қор жергілікті билікпен келіспей тұғырға қондырған.

Көпшіліктің сыни пікірінен кейін жергілікті билік дау тудырған ескерткішке қатысты арнайы комиссия құрды.

Әлия Жақыпбекова, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары: 
-Әлеуметтік желіге шыққан ескерткіш суреттері мен бізге ұсынылған эскиздік жобадағы суреттердің айырмашылығы анықталып, арнайы жұмысшы топ құрылып, Балқаш ауданы Бақанас ауылына анықтау жұмыстары үшін іс сапарға жіберілді.  

Халқы үшін қалтқысыз қызмет еткен ұлт перзентінің ескерткіші барынша сән-салтанатымен ашылуға лайық еді. Алайда қойылмай жатып, тұғырынан алынатын болды. Жалпы заң бойынша да Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы келісімінсіз ескерткіш қоюға рұқсат жоқ.

Ескерткіш авторы Алтай Бейсенов көпшіліктің сыни пікірімен келіседі. Тас мүсінді жасауға уақыт тапшы болғанын, кемшілікті түзейтінін және ескерткіштің бір аптада дайын болатынын айтады.

Қуаныш Қанатұлы 


Дінмұхамед Қонаев Ескерткіш

Хабарламаларға жазылу