Мәжіліс депутаттарының сайлауы 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді

21.10.2020

Парламент Мәжілісі депуттарын сайлау 2021 жылы 10 қаңтарда өтеді. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойып, саяси дода өтетін күнді белгіліп берді. Әрі халыққа үндеу жариялап, бұл жолғы науқанның ерекшелігін атап өтті. Өйткені осы уақытқа дейін елімізде «сайлау» мен «партия» туралы заңдарға түзетулер енгізілгені белгілі. Депутаттар мен қоғам белсенділері де сайлау демократияны нығайтып, еліміздің дамуына жаңа серпін беретінін айтып отыр. 

Мәжіліс. Заң шығарушы төменгі палатадағы 107 депутат жақында жаңарып, жастармен толығады. Бүгін Мемлекет басшысы депутаттарды сайлау туралы Жарлыққа қол қойып, халыққа үндеуін жариялады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Алдағы сайлау Конституциялық мерзімге сәйкес 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Барлық саяси партиялардың бұл сайлау науқанына қатысуға дайындалуына, сайлау алдындағы платформасын әзірлеуіне, партиялық инфрақұрылымдарды жетілдіруіне уақыты жеткілікті болды. Жаңа сайлау науқанына дейін саяси жаңғыру, көппартиялықты дамыту және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне азаматтардың қатысу аясын кеңейту жөнінде шаралар қабылданды.

Расымен, осы саяси додаға дейін елімізде біраз өзгерістер болды. Оның маңыздысы – «Парламент және оның депуттарының мәртебесі» туралы Конститутциялық заңға түзетулер енгізілуі. Бұл парламенттік оппозиция институтын құруға мүмкіндік береді. Енді оппозиция өкілдері депутат болып қана қоймай, комитетті басқара алады. Мұндай жаңа бастамалар партияларға саяси ұстанымын нығайту үшін қосымша мүмкіндіктер береді деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Енді Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланады. Сонымен қатар, парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеру құқығын иеленеді. Сондай-ақ бір сессия кезінде кемінде екі рет Үкімет сағатының күн тәртібін айқындайтын болады. 

Сондай-ақ биыл «сайлау» және «партия» туралы заңдарға да түзетулер енгізілді. Мәселен партия туралы заңда саяси ұйымды тіркеу үшін қажетті мүшелер саны 40-тан 20 мыңға азайған. Ал «сайлау» туралы заңда партиялық тізімге әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота енгізілген еді. Бұл ел үшін маңызды заң жобалары талқыланып жатқанда қалғып, мүлгіп отаратын депутаттардан арылуға мүмкіндік береді дейді қоғам белсенділері. 

Ал халық қалаулылары болса, саяси науқанға әзірлікті бастап кетті. Мәжіліс төрағасы сайлау – елді демократияға бастайтын саяси маңызды қадам дейді. 

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
-Себебі Парламенттік сайлау еліміздегі барлық саяси партиялардың өз бағдарламаларын таныстыруға және халықтың сеніміне ие болуға үлкен мүмкіндік береді. Сондықтан сайлау демократияны нығайтуға, қоғамдық ынтымақтастықты күшейтуге және еліміздің дамуына жаңа серпін береді деп сенеміз. 

Қаңтардың оны Мәжіліс қана емес, жер-жердегі мәслихат депуттарының да сайлауы болады. Биыл ол алғаш рет партиялық тізім бойынша өтпек.

Досжан Маратұлы, тілші:
Осылайша еліміздің саяси өміріне қан жүгіртенін науқанның басталуына аз уақыт қалды. Енді партиялар съезд өткізіп, өзінің кандидаттарын ұсынады. Ал саяси сайыстың заңдылығын, ашықтығын және әділдігін Орталық сайлау комиссиясы мен Бас прокуратура қатаң қадағалауы тиіс. 

Досжан Маратұлы

Мәжіліс депутаттарының сайлауы Сайлау Мәжіліс сайлауы-2021

Хабарламаларға жазылу