Заңсыз айналымнан 230 млн теңгенің медициналық заттары тәркіленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Заңсыз айналымнан 230 млн теңгенің медициналық заттары тәркіленді

20.10.2020

Дәрі-дәрмек тапшылығы болмайды, бірақ кей пысықайлардың жымысқы әрекеттерінен оның бағасы шарықтап кетпесе болғаны. Елімізде заңсыз айналымнан 10 миллионнан астам бума дәрі-дәрмек пен мед-бұйым тәркіленді. Олардың жалпы құны 230 миллион теңгеден асады. Фарм саладағы былықтарды құқық қорғау органдары әшкереледі. Мыңға жуық дәріхана препарат құнын бірнеше есе қымбатқа сатқан. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында «Арбидол» бекітілген 2300 теңгенің орнына 5000 теңгеден сатылған. 

Сондай-ақ, лицензиялары мен сертификаттары жоқ медициналық бұйымдарды сатудың 300-ден астам дерегі тіркелді. Осыған орай 1200-дей адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Үш іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ал, Денсаулық сақтау министрлігі болса дәрі-дәрмектердің бөлшек саудадағы шекті бағасын қою үшін олардың тізімін толықтырып жатыр.

Ләйлә Дулатқызы

Дәрі-дәрмек Заңсыз айналым

Хабарламаларға жазылу