Кісі өліміне байланысты полиция бөлімінің басшылары қызметінен кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кісі өліміне байланысты полиция бөлімінің басшылары қызметінен кетті

20.10.2020

Шығыс Қазақстанның Мақаншы ауылындағы шулы оқиғаға қатысты тексеру жалғасып жатыр. Қайғылы оқиғадан кейін бірнеше полиция қызметкері қамауға алынды. Үржар ауданы полиция бөлімінің екі басшысы қызметінен босатылды. Естеріңізге сала кетейік, Мақаншы ауылындағы полиция бөлімінде ауыл тұрғыны қаза тапқан болатын. 

Марқұм болған 33 жастағы Азамат Оразалының анасы ұлының полиция қолынан қаза тапқандығына еш күмән келтірмейді. Туған баласынан айырылып қан жұтып отырған ана қазір әділдікті ғана талап етіп отыр. Ұлын құқық қорғаушылар далада мал бағып жүрген жерінен, ешқандай жазықсыз алып кеткен дейді. 

Гүлнар Оразалықызы, марқұмның анасы: 
-Өмірі ауырмаған. Спортшы, көкпаршы. Ат үстінде жүрген адам. 

Қазір сот медициналық сараптама жүргізіп жатыр. Нәтижелері дайын емес. 

Гүлзипа Оразалықызы, марқұмның әпкесі:
-Менің кенже сіңілім дәрігер. Көкеті сөгілген, екі бүйрегі шығып, қан тамырлары жарылып кетіпті. Марқұмның денесін көрсеңіздер, тістеніп жатыр. Ол қиналып өлген.

Марқұмның ауылдастары Азамат Оразалының өліміне қатысы болуы мүмкін полиция қызметкерлерін тұтқындауды талап етіп екі күн бойы наразалық білдіріп ауыл шетіне жиналған. Қазіргі күдікті деп танылған үш адам уақытша қамауға алынды.

Ренат Унарбеков, ШҚО ПД бастығының орынбасары:
-Олар Қылмыстық кодекстің 146-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында Үржар ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қызметкерлердің қызметтік жұмысына және тәртібіне тиісті бақылау жасамағаны үшін Үржар ауданы полиция бөлімінің екі басшысы ішкі істер органдарынан босатылды.

Қазір өңірде арнайы комиссия құрылған. «Азаптау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып тергеу жүргізіліп жатыр. 

Ержан Жақып

Мақаншы полиция өлім

Хабарламаларға жазылу