Енді әлеуметтік нысан салуға қанша қаражат жұмсалатынын онлайн калькулятор жүйесі есептейді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі биыл осындай жаңа жобаны ұсынып отыр. Осы ведомстваға қарасты мемлекеттік сараптама құрылысқа кететін шығынды тиын-тебеніне дейін есептеп береді. Бұл өз кезегінде бюджеттік нысандарға бөлінетін қаржының қалай жұмсалғанын қадағалай алады.
Спорт нысандарының жобалары ұқсас, бірақ бөлінген қаражат әртүрлі. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аудандағы әлеуметтік нысандарға бөлінген ақшаның айырмашылығына шүйлікті.
Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:-Спорт нысандарына келсек, Байзақ ауылында 323 млн теңге, Түймекентте 318 млн теңге, Меркі ауылында 510 млн теңге. Айырмашылық 200 млн теңге. Олай болу мүмкін емес қой. 20-30 млн болса түсінемін. Осындай сұрақтар көп. Түсініксіз.
Ал Батыстағы Янайкин ауылында шағын мектепті кеңейтуге 460 млн теңгенің қарастырылған. Бұл сома көп көкейіне күдік ұялатты. Осындай күмән болмас үшін мемлекет қаражатты тиімді игерудің тәсілін тапты. Енді кез келген әлеуметтік нысанды салмас бұрын шығыны электронды форматта есептеледі. Ол үшін мемлекеттік сараптама порталында онлайн калькулятор жүйесіне жүгенсеңіз болды.
Раушан Сайлауқызы, тілші:-Онлайн калькуляторды әдеттегі есептегіш құрал деп ойламаңыз. Ол заманауи үлгіде арнайы базада орналасқан. Енді мектеп, аурухана, балабақша немесе әлеуметтік тұрғын-үй салынатын болса, олардың шығыны ең әуелі онлайн калькулятор арқылы есептеледі. Ол үшін мына алты қадам бойынша құрылыстың толық жобасын осы базаға енгізу қажет.
Арнайы базада құрылыстың алгоритмі бар. Яғни, ғимаратқа қажетті отандық яки шетелдік материалдар құны мен өзге де шығындардың бағасы енгізілген.
Рабиға Бисенова, ҚР ИИДМ құрылыстағы сметалық нормалар басқармасының басшысы:-Мысалы әкімдік егер 600 орындық мектеп саламыз десе, алдымен осы жүйеге кіреді. Электронды қолтаңба арқылы тіркеледі. Нысанның техникалық параметрлерін енгізеді. Жүйе барлығына қолжетімді емес. Біз тек мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарға қарасты әлеуметтік нысандарының шығынын есептейміз. Содан кейін ғана мемлекеттен тиісті қаражат бөлінеді.
Жоба іске қосылған төрт айдан бері 68 әлеуметтік нысанның шығыны есептелген. Мамандар олардың арасында нысанның жоспарланған бағамен сәйкес келмеген жағдайы тіркелмеді деп отыр. Ал жаңа бастама жемқорлық фактілерін азайта ма, жоқ па?! Ол уақыттың еншісінде.
Раушан Сайлауқызы