Амур жолбарысының суреті дүниежүзілік конкурста жеңіске жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Амур жолбарысының суреті дүниежүзілік конкурста жеңіске жетті

18.10.2020

«Жабайы табиғат бойынша жыл фотографы» деген дүниежүзілік конкурс мәресіне жетті. Биыл бас жүлде «Ағашты құшақтаған Амур жолбарысының» авторы ресейлік Сергей Горшковқа берілді. Негізі, жыртқыш жеке территориясын белгілеу үшін діңге иісін сіңіріп, ағашқа үйкеліп тұр. Сурет Қиыр Шығыстағы «Леопардовый» кіші қорығында түсірілген. Жойылудың алдында тұрған түз тағысын түсіру үшін фототұзақ он ай бойы орманда жатқан. Иә, қайталанбас кадр асқан шеберлік пен сәттілік ұштасқанда шығады.  

Ал «Үйректі тістеген түлкіні» тек нағыз натуралистер түсіреді. Қазылар финляндиялық жасөспірімнің туындысын осылай бағалады. Айлакер аңның тіршілік үшін айқасын Лина Хейкинен таспалаған. Ол жас фотографтар арасындағы бас жүлдені алды. Тастардың арасына тығылып, түскі асын олжалаған түлкіні түсіру үшін жас фотограф жыртқышқа жақынырақ барудан да жасқанбаған.

Тау мұрынды маймылдың қалғыған сәтін қағып алған Могенс Тролле. Борнео аралындағы мұрынды маймылдар қорығында түсірілген сурет «Үздік портрет» номинациясын жеңді.

Жабайы табиғаттың ғажайып суреттері Этна жанартауындағы «отты өзенмен» жалғасқан. Италиялық фотограф ерекше кадр үшін бұлқынған ыстық жалынға жақын барудан тайынбады. Дүмпуі қатты жанартауда түсірілген сурет «Табиғи орта» номинациясында бас жүлде алды.

Тағы бір номинацияда топ жарған туындыға «Тіршіліктегі тепе-теңдік» деп ат берілген. Испаниялық фотограф өрмекші тістеген шыны бақаны сырықтан секіріп кетпей тұрып түсіріп үлгерген.

«Анам жүгір дейді». Кадрда қонжия қалған дала мысықтарын түсіруге қытайлық фотограф алты жылын арнаған. Сәтті кадр үшін Паллас жабайы мысығын жылдар бойы зерттеп, әр қозғалысын аңдыған. Шаньюань Ли фотодағы «кейіпкерлерін» Қытайдың солтүстік-батысындағы Тибет аймағында түсірді.

Жабайы табиғаттың ғажайып әлемін бір ғана объективке сыйдырған шеберлер жыл сайын Лондондағы Табиғи тарих музейінде марапатталатын. Бірақ бұл жолы коронавирустық пандемияға байланысты онлайн өтті.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу