Көкшетауда демалыс күндері қоғамдық көлік жүрмейді

16.10.2020

Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында карантинге қарамастан той өткізіліп, оны жүргізген асаба полицей киімін киіп шыққан. Жұртты кұлдіремін деп, бүлідіріп жүрген азамат айыппұл арқалауы әбден мүмкін. Ал Ақмола облысында карантин талаптары күшейіп, жаңа ережелер күшіне енді.  

Полицей формасын заңсыз кигені үшін асаба енді әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Себебі ол әзілдеймін деп тәртіп сақшылары мен дәрігерлердің індеттің таралуына жол бермеу бағытында атқарып жатқан жұмысын келеке етіп, абыройларына нұқсан келтірді. Той иесі де айыппұл төлейді. Көп кешікпей асаба мен той жасаған азамат өз қателігін мойындап, әлеуметтік желі арқылы кешірім сұраған. 

Жанатай Сембеков, Полиция департаментінің ресми өкілі:
-Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 675-бабына сәйкес «Айырым белгілері және арнаулы киім-кешекті заңсыз киіп жүргені үшін» әкімшілік жауапкершілікке тарту сұрағы қарастырылуда. Той иесіне қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 425-бабына сәйкес  жиналған материал шешім қабылдау үшін санитарлық-эпидемиологиялық қызметке жіберілді.

Өңірдің бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес бүгіннен бастап жаңа ережелер күшіне енді. Көкшетауда демалыс күндері қоғамдық көлік жүрмейді. Сондай-ақ, сенбі-жексенбіде ауданы 1000 шаршы метрден асатын сауда орындары жұмыс істемейді. Мешіттер мен шіркеулер де демалыста жабық. Жаңа талап бойынша мемлекеттік қызметкерлердің 80 проценті қашықтан жұмыс істеуге көшуі тиіс. 

Айнагүл Мусина, Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы: 
-Облыста қазан айында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар 50-ден асты. Бүгін тағы 6 науқас анықталды. Өкінішке орай, өсім бар. Сондықтан карантин күшейтілді. Шамамен 2 аптаға жоспарлап отырмыз. Кейін жағдайға байланысты шешім қабылдаймыз. Карантин талаптарын сақтау бойынша бақылау топтары жұмысын жалғастырады.

Елордада карантин режимін бақылау жұмыстары күшейді. Қала полицейлері көше-көшені аралап, сауда-ойын сауық орталықтарын жіті қадағалауға көшті. Санитарлық нормалардың орындалуын тексеру үшін 8 мобильді топ құрылған. Бүгін ғана мамандар бірнеше заң бұзушылықты анықтады. Мәселен, «Шапағат» сауда орталығын тексеру барысында термометрия жүргізілмегені, дезинфекциялық кілемшенің төселмегені белгілі болды. 

Жалпы, шілде айынан бері жүргізілген рейд нәтижесінде 2000-ға жуық нысан санитарлық нормаларды сақтамағаны үшін 138 млн айыппұл төлеген. 

Раушан Сайлауқызы


рейд Көкшетау қоғамдық көлік

Хабарламаларға жазылу